«Елдің су ресурстарының әлеуетін сақтау; Трансшекаралық су ағындарын басқару мен пайдалануда Қазақстан мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету; су заңнамасын жетілдіру; суды пайдалану тиімділігін арттыру, экономикалық негізделген тарифтерге көшу, суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, су ресурстарын қайта пайдалану есебінен қайтарымсыз су пайдалану көлемін азайту. Бұл ретте суды қайтарымсыз алу деген түсінік бар. Өзеннен қайтарымсыз алатын су көлемін азайту керек. Ол үшін қайтарымды айналым сумен жабдықтауды іске қосу керек, кәсіпорындарымызға суды барынша пайдаланып, тазартып, оны қайтаруы үшін жағдай жасау керек. Сонымен қатар, суды ұтымсыз және тиімсіз пайдалану, суды бөлу және есепке алу процестерін автоматтандыру және цифрландыруды енгізу. Мысалы, қазіргі кезде 212 каналды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар арқылы 6 млрд текше метр су беріледі. Бұл ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың жартысы. Сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстар мен суару желілерін қалпына келтіру және жаңғырту, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Еліміздегі каналдар, гидротехникалық жүйелер Кеңес үкіметі кезінде салынған. Қазіргі кезде республикалық бюджет, халықаралық қаржы ұйымдарының займы есебінен үлкен жұмыстар жасап жатырмыз. Өкінішке орай, барлығын бір мезетте бітіру мүмкін емес, бұл жұмыстар барлық өңірлерде, негізінен суармалы суды пайдаланатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында кезең-кезеңмен атқарылуда», - деді экология министрлігінің өкілі.
Бүгінгі таңдағы мәселелердің бірі - су ресурстары және су шаруашылығы ғылыми орталығының жоқтығы. Вице-министрдің айтуынша, ведомствоға бағынысты ҒЗИ-дің жағдайын жақсартып, аналитикалық-ақпараттық орталық құру көзделген. Бұл сырт елдермен келіссөздерге барғанда ғылыми түрде негізделген ұстаным, позиция қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, су шаруашылығы саласы үшін кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де бар. Осы бағытта да жұмыс жасалуда. Суды пайдаланушылар мен қоғамның су ресурстары мен су сұранысын басқаруына қатысуын қамтамасыз ету жоспарланған.