«Қазір «Жаңа Қазақстан» стратегиялық жоспары мен жол картасында 2025 жылға дейін шығарындылар көлемін 30% төмендету бекітілді және бұл мәселеде табандылыұ танытамыз. Теміртау қаласындағы жағдайдың жақсаруын күтеміз. Келесі проблемалы қала – Өскемен де жоғары ластанған болып саналады. Ластау көзі белгілі - бұл өнеркәсіп, өскемендік ЖЭО жылу станциясы және «Қазмырыш» металлургия кешені, жеке сектор. Бүгінгі таңда Жол картасына 35 іс-шара енгізілген. 2025 жылға дейін 20-30%, «Қазмырыш» бойынша 2025 жылға дейін шығарындылар 20%-ға төмендейді деп күтілуде, күкірт қышқылы цехын жаңғырту жоспарланған, бұл көрсеткішті төмендетуге септігін тигізеді. Осындай іс-шаралар ЖЭО-да қолға алынады. Сонымен қатар, қала аумағында шағын және орта бизнестің 89 қазандығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда жеке сектордағы мәселе де шешілген жоқ - оның қалалық әуе бассейніне қосар үлесі айтарлықтай. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мәселенің шешімін іздестіруде», - деп атап өтті спикер.   


Қазгидрометтің мәліметтері бойынша, Ақтөбе қаласы бойынша күкіртсутегі мен басқа да заттар бойынша мерзім сайын көрсеткіштер артып отыр. Жол картасы 33 тармақтан тұрады. Ауаны ластау көздердің бірі - Қазхром ТҰК, онда көрсеткішті 2022 жылы 30%-ға төмендету көзделіп отыр. 2024 жылға дейін барлық шаралар өткізіледі.   


«Қалалық коммуналдық-тазарту құрылыстарының нашар жағдайы да ластау көзі болып табылады. Қала билігі уақытша шешім ретінде әр түрлі катализаторлармен күкіртсутек мәселесін шешуге тырысуда, бірақ болашақта жалпы кәріз-тазарту жүйелерін қайта құру мәселесі шешіледі. Біз 2025 жылға дейін Жол картасын жүзеге асыра отырып, Ақтөбе қаласындағы атмосфералық ауа мәселесін шешеміз деп ойлаймыз. Атырау қаласында атмосфералық ауа жағдайына байланысты наразылықтар мен өтініштер келіп түсуде. Атырау облысында шоғырланған компаниялар көп, бірақ, егер нақты қала бойынша айтар болсақ, үлкен табиғи ластау көзі АМӨЗ және «сасық сай» үлкен тұндырғыш-жинақтағыш болып табылады, онда ондаған жылдар бойы тиісті тазартусыз қалалық тазарту құрылыстары мен кәсіпорындардан көп көлемдегі ағын сулар ағызылып келді. Қазір бұл жинақтағышты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылға дейін толық қалпына келтіру жүргізіледі. АМӨЗ және қала билігі қалпына келтіруге қаражат бөлді. Сонымен қатар, АМӨЗ жүйелік мәселесін шешу үшін өзінің тазарту құрылыстарын, техникалық тазалау каналдарын қайта жаңартты, сондай-ақ қаланың сол жағалауында тазарту құрылыстары салынды. Олар ағынды сулар секілді тағы бір мәселе туындамас үшін іске қосылды», - деп түсіндірді ведомство өкілі.  


Су үнемдеу бойынша да бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Айта кетейік, 2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді, бұл атмосфералық ауаның жағдайын жақсартуға ықпал етеді.