«Жұмыспен қамту Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті болып табылады. Бірінші. Биыл Президент «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша қатысу кезеңі мен жалақыны арттыру, сондай-ақ бизнес-идеяларды дамыту үшін гранттар мөлшерін 400 АЕК-ке дейін ұлғайтуды тапсырды. Сондай-ақ, өңірлерде жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру. Халық санының өсуін ескере отырып, негізінен 2025 жылға дейін 780 мың жұмыс орны ашылады. 
Сонымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы өңірлік жұмыспен қамту карталары арқылы жұмыс орындарын құру цифрлық форматта мониторингін қамтамасыз етуді тапсырды. 2020 жылдан бастап ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңмен көтеріле бастады. 2021 жылдан бастап Медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Нәтижесінде, 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады. Ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 41%-ға өсті, бұл шамамен 1 млн 650 мың адамның табысының өсуіне алып келді», - деді вице-министр. 


Жоғарыда көрсетілген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде 2022 жылғы ақпанда Еңбек министрлігі тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдады. 

«Жастар практикасына қатысу кезеңі 6 айдан 12-ге дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 12-ден 18 айға дейін ұзартылды. Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 20%- ға, яғни, 25-тен 30 АЕК-ке дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы 50%-ға, яғни 20-дан 30 АЕК-ке дейін өсті. Бұл 90 мың теңге көлемінде. Бұл мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы. Бұған қоса, жұмыс беруші төлем жасаса, бұл көрсеткіш 100 мыңнан асуы мүмкін. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке, яғни 1,2 млн теңгеге дейін 2 есеге ұлғайды», - деді Біржанов.