Осы мәселелерді шешу үшін бизнеспен бірлесіп, кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтары базасында жаппай қайта даярлаудың, біліктілікті арттырудың «фабрикаларын» құру жоспарланып отыр. Жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға ерекше назар аударылады. Сұранысқа ие дағдыларды тану жүйесін енгізу көзделген. Мұндай орталықтар Алматы мен Шымкент қаласының маңында ашылады.  


«Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын әзірледі. Оның шеңберінде біліктілікті танудың тәуелсіз орталықтарын құру үшін тиімді жағдайлар жасау, жыл сайынғы сертификаттаудан өту үшін ізденушілерге кемінде 1000 ваучер ұсыну көзделеді. Егер адам дәнекерлеуші немесе слесарь дағдыларына ие болса, бірақ оқымаса, бұл орталықтар оған профильге сәйкес келетін сертификат алуға көмектеседі және осы құжатпен адам жұмысқа орналасып, лайықты жалақы ала алады. Яғни, біз практикалық білімді заңды арнаға көшірмекпіз», - деп атап өтті спикер.  


Сонымен қатар, былтыр skills.enbek.kz порталы іске қосылды. Бұл Coursera сияқты халықаралық онлайн оқыту платформаларының аналогы. 2021 жылы сайтта 175 автор тіркеліп, 103 курс жарияланды.