Білім беруді жақсарту үшін академиялық дербестік енгізілді, ол еңбек нарығының талаптарына жылдам, оңтайлы ден қоюды, білім министрлігі көп жылдар бойы реттеп келген үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалардан кетуді көздейді.  


«Енді оқу орындары жұмыс берушілермен бірлесіп нақты мамандыққа, біліктілікке арналған білім беру бағдарламасын әзірлейді, жұмыс берушілердің мақұлдауы мен келісімін алады және білім беру бағдарламасының сапасын анықтау үшін сараптама жүргізіп, тізілімге кіруі тиіс. Біз бұл жұмысты бастап кеттік, тиісінше, ағымдағы жылдың қыркүйегіне қарай толыққанды нәтижелерді көреміз. Бірақ оқу процесінің қандай да болмасын сапасы үш бағанмен бағаланады - бұл білім беру бағдарламалары, педагогикалық кадрлар және материалдық-техникалық база. Жыл сайын педагогтердің біліктілігі артып келеді, биыл 5200 оқытушы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Колледждердің педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарында өте маңызды өзгерістер бар - олар аудиториядағы теорияның 60%, өз саласына сәйкес өндірістегі тәжірибенің 40% арақатынасында жүргізілетін болады. Мысалы, қонақ үй бизнесінің оқытушылары қонақ үйлерде тәжірибеден өтеді», - деп атап өтті спикер «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен жобаға тоқтала келе.    


Сондай-ақ, «Жас маман» бағдарламасы жалғасады, оның аясында 180 колледж өзінің материалдық-техникалық базасын жаңартты.