Бұған дейін БАҚ-та бірнеше рет хабарлағанындай, Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы қалыптасқан. Мұның себебі Ресей тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы болды. Бұл тұқымдар бізге сортты жаңарту және сортты ауыстыру үшін қажет екенін ескере отырып, мәселе премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтеріліп, нәтижесінде Ресей Федерациясының Үкіметі тұқымдарды әкетуге тыйым салуды алып тастады. Оларды рұқсат беру тәртібіне ауыстыру туралы шешім қабылданды. 

«Қазіргі уақытта, біздің ақпаратымыз бойынша, рұқсат беру тәртібі әзірленді, ол жақын арада бекітіледі. Ресейден әкелінетін тұқымдар солтүстік өңірлерге дер кезінде, көктемгі дала жұмыстары басталғанға дейін шаруаларға жеткізіледі. Тұқым шаруашылығын қолдауға ағымдағы жылы жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге көзделген. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша ағымдағы жылы шамамен 670 мың тонна енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды жеткізуге келісімшарт 290 мың тонна көлемінде жасалды. Барлық өңірлерде минералды тыңайтқыштарды жөнелту басталды, аграршыларға шамамен 149 мың тонна тыңайтқыш, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 51,3 мың тонна тыңайтқыш тиелді. Қоймалардағы қорлар, соның ішінде импорттық тыңайтқыштар қалыптасты», - деді министр. 


Фермерлер тыңайтқыштардың, оның ішінде отандық тыңайтқыштардың қымбаттығы мәселесін көтерді. Үкімет тиісті жұмыс жүргізді, минералдық тыңайтқыштардың ірі өндірушісі - ҚазАзот компаниясы өндірілетін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданып, 16 наурызда күшіне енді.  

«Бүгінгі таңда аграршылармен жаңа құн бойынша келісім-шарттар жасалуда. Бұл ретте әкімдіктер тарапынан субсидиялауға 27 млрд теңге қарастырылғанын атап өту қажет. Яғни, сатып алынған тыңайтқыштар құнының 50% - ын мемлекет өтейді. Пестицидтерге келетін болсақ, олардың бағасы да өсті. 2020 жылға қарай пестицидтердің бағасы екі есе қымбаттады. Егер көктемде бағаның өсуі 70% болса, былтыр күзде бағалар 2 есе өсті. 2022 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 29,7 млрд теңге көзделген, бұл егіс алаңын 100% өңдеуді қамтамасыз етуге және сол арқылы қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді», - деді Ербол Қарашөкеев.