Оның айтуынша, кез келген мемлекетте ғылымының дамуына 4 негізгі фактор әсер етеді.  Біріншісі, ғылыми әлеует, ғалымдар саны. Екінші, ғалымды қаржыландыру, ғылымның өндіріспен, бизнеспен қарым-қатынасы және елде ғылымды әкімшілендіру, басқару. Қазіргі кезде Қазақстандағы ғылыми әлеует 22 655 адам, бұл 90-шы жылмен салыстырғанда 2 есе төмен. Ғылымдағы жастардың үлесі -36%. Сондықтан бүгінгі негізгі мәселе қаржыландыру емес, ғылыми әлеуетті арттыру, жыл сайын сапалы ғалымдар санын көбейту болып табылады.  


«Неге мұндай жағдай туындады? 90 жылдары экономика жағдайы өте ауыр болды. Сондықтан ғылымды қаржыландыру төмендеді. Сондай-ақ 2011 жылдан бері қолданыста болған заңда қаржыландырудың үш түрі қарастырылған - базалық, гранттық және бағдарламалық. Базалық қаржыландыруға тек қана ғимаратты ұстау, коммуналдық төлемдер және басқарушы, директор, бухгалтер, есепші және техникалық қызметкерлердің ғана жалақысы сияқты шығындар ғана кіреді. Қандай мықты ғалым болсаңыз да, ай сайын төленетін тұрақты жалақы жоқ. Ғалымдар үш жылда бір өтетін конкурста жеңіске жетсе ғана, жұмыс істеп, жалақы алған. Мәселен, 2020 жылы ғалымның орташа жалақысы 152 мың теңгені құрады. Бұл жалпы ел бойынша орташа жалақының 72% ғана. Ал іргелі ғылыми жұмыспен айналысатын ғалымдарда тұрақты жалақы болған жоқ. Бұл мәселе 10 жылдан астам уақыт көтеріліп келді. Қаражат болса да, ол ғалымға берілмеді. Себебі заңда қаржы тек конкурстық түрде ғана төленуі тиіс деген бап болды», - деді спикер. 


Былтыр мемлекет басшысы жыл соңына дейін осы заңға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды. Нәтижесінде, 74 ғылыми ұйымда және 10 мемлекеттік органда жұмыс істейтін 1200 ғалым биылдан бастап конкурстан тыс ай сайын тұрақты жалақы алатын болды. Сонымен қатар іргелі зерттеулермен айналысатын 4 мың ғалымға да жалақы төленеді, сондай-ақ, ғылыми жұмысқа, қажетті қондырғыларды сатып алуға қаражат бөлінеді.