Оның айтуынша, сотта прокурорлар мемлекет атынан айыптауды қолдайды.  

«Бұл жерде мынаны ескере кеткен жөн. Бұрын прокурорлар қайтсе де айыптау үкіміне қол жеткізуге ұмтылатын. Қазір ондай көзқарастан толық бас тартылды. Мемлекеттік айыптаушының басты міндеті – іс бойынша әділдікті және заңдылықты қамтамасыз ету», — деді прокуратура өкілі.  


Егер ол сот үкімімен келіспесе, онда апелляциялық өтініш береді, яғни, облыстық сот алқасына жүгіне алады. Мұндай құқық Бас прокурорда, оның орынбасарларында, облыс прокурорлары мен олардың орынбасарларында және аудан прокурорларында бар. 

«Апелляцияға облыстық прокуратура қызметкерлері қатысады. Бұл – тағы бір фильтр. Олар тек сот шешімінің заңдылығын тексеріп қоймайды. Сонымен қатар – мемлекеттік айыптаушы ұстанымына да баға береді. Ол үшін қылмыстық іс материалдарын зерделейді. Үкімнің заңды немесе заңсыз емес екені туралы қорытынды береді. Егер аплелляция үкімді күшінде қалдырса, онда кассациялық сатыға – Жоғарғы Сотқа наразылық жолдай алады», - деді спикер. 


Сотқа қатысушы тараптар Жоғарғы Сотқа немесе Бас прокуратураға шағым жіберуге құқылы. Бас прокуратура облыстық прокуратура және соттар ұстанымымен байланысты емес. Барлық істерді алдырып, оларды жеке-жеке зерделейді. Оның барысында міндетті түрде дәлелдердің толықтығын, айғақтар мен сарапшы берген қорытынды қателерін, сондай-ақ басқа да маңызды мәселелер ескеріледі. Егер сот шешімі дұрыс болмаса, наразылық енгізіледі. 

«Көптеген үкімдер тараптар шағым бермесе де біздің бастамамен қайта қаралғанын атап өткен жөн. Себебі қылмысты саралауда, түзету мекемесін таңдауда, жаза мерзімін есептеуде қателіктерге жол беріліп жатады. Сол үшін біз сот шешімдеріне тұрақты түрде мониторинг жасаймыз. Жоғарғы Сотпен бірлесіп жекелеген қылмыстық істер санаттары бойынша бірыңғай практика қалыптастырып жатырмыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.