Оның айтуынша, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асыру мәселесі COVID-19 пандемиясы бұрын-соңды болмаған медициналық, экономикалық және әлеуметтік дағдарыс тудырған кезде өзекті болып отыр. 

«Қазақстан өзінің тәуелсіздік алған күнінен бастап тұрақты даму қағидаттарын ұстанатынын көрсетіп келеді. 2030 жылға дейінгі күн тәртібі қабылданған сәттен бастап еліміз тұрақты даму жолында кезең-кезеңімен жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күні Қазақстанда ТДМ қол жеткізуге жәрдемдесу үшін институционалдық архитектура енгізіліп, тиімді жұмыс істейді. Премьер-Министрдің Бірінші орынбасарының басшылығымен Тұрақты даму жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Бұл барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, мәселелерді талқылауға арналған ашық алаң. Кеңес жұмысы ТДМ–ның бес негізгі бағыты бойынша жүзеге асырылады - Адамдар, Жер, Өркендеу, Серіктестік және Бейбітшілік. 2021 жылғы мамырдан бастап ТДМ-ға қол жеткізу мониторингі комитеті қызметі іске қосылды. Бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Үйлестіру кеңесінің хатшылығы және ТДМ-ға қол жеткізу мониторингі комитетінің Жұмыс органы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ болып табылады», - деді спикер.

 
Сондай-ақ, былтыр наурыз айында Тұрақты даму мақсаттарының ұлттық индикаторларының тізбесі бекітілді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтуды қамтамасыз ететін құқықтық негіз қалыптастырылды. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ТДМ жөніндегі Үйлестіру кеңесінің Хатшылығы және Мониторинг жөніндегі комитеттің жұмыс органы бола отырып, екі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: ақпараттық-консультациялық және талдамалық-үйлестіру .