Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте арнайы жұмыс тобының мүшесі, Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді.
«Айтылған бастамалардың көпшілігі Ата заңда бекітілген қоғам мен мемлекет негіздерін қозғайды. Осы мақсатта құрылған арнайы жұмыс тобы Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасын ұсынды. Жұмыс тобына мемлекеттік органдармен қатар, ҮЕҰ өкілдері және еліміздегі танымал заңгер, ғалымдар қатысты. Заң жобасында қазірі таңда елімізде қалыптасқан суперпрезиденттік басқару нысанын одан әрі жетілдіру көзделген. Бұл мақсатта мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттіктерін басқа органдарға береді немесе олармен келісе отырып атқарады. Бұл соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан орталықсыздандыру процесінің жалғасы. 2017 жылы елімізде болған үшінші конституциялық реформаның нәтижесінде мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке берген болатын. Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту көзделген. Палаталардың жасақтау тәртібі мен олардың функцияларында елеулі өзгерістер бар. Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқартылып, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Мәжілістің 30% депутаттары 1 мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады және сайлауалды уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар кері қайтаруына мүмкіндік алады. Заң шығару процесін жаңғыртуға арналған бірқатар өзгерістер жасалды. Заң қабылдау құқығы негізінен Мәжіліске тиесілі болады. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі», - деді спикер.
Бұл ретте реттейтін мәселелердің маңыздылығын ескере отырып конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында қабылдау қолдау тапты. Үкіметке адам өмірі мен денсаулығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне, басқа да құндылықтарына айырықша қауіп төнген жағдайда заң күші бар НҚА қабылдауға құқық берілді.