Оның айтуынша, халықаралық құқық қорғау құрылымдары мен көптеген мемлекеттер азаматтардың тікелей конституциялық шағымы институтын енгізгенді қолдайды. 


«Соңғы уақытта бұл Түркияда, Мажарстанда, Украинада, Литвада және басқа мемлекеттерде енгізілді. ТМД кеңістігінде Әзербайжан, Армения, Ресей мемлекеттерінде Конституциялық соттар азаматтардың шағымдары бойынша нақты бір дауды шешу кезінде қолданылған заңның Конституцияға сәйкестігін тексереді. Өткен жылы Өзбекстанда жеке және заңды тұлғаларға Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді. Сонымен қатар, мұндай мүмкіндік бала құқықтары және кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы уәкілдерге де ие болды. 2021 жылы Қырғыз Республикасында да Ата заңға өзгерістер енгізіліп, Конституциялық палатаның орнына Конституциялық сот құрылды. Азаматтардың Конституциялық шағымы жақында ғана Беларусь Республикасында өткен Конституциялық референдумда қарастырылды. Осы уақытқа дейін ҚР азаматтары Конституциялық кеңеске тек соттар арқылы ғана жүгіне алды. Яғни сот іс процесінде нақты істі қарау кезінде осындай өтінішпен жүгіне алды. Бұл өтініштің тағдырын судья шешті. Бұл тәртіп онша тиімді жұмыс жасаған жоқ. Енді азаматтар конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Осы жаңалықты «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құрамдас бөлігі ретінде қараған жөн. Халықаралық сарапшыларыдң пікірінше, азаматтардың конституциялық шағымы мен соттардың өтініштерін қатар қолдану адам құқықтарын қорғау тұрғысынан ең тиімді тетік болып табылады», - деді спикер.


Сонымен қатар мұндай мүмкіндік бас прокурор мен омбудсменге де беріліп отыр. Бұл институттар өздерінің өкілеттіктерін атқару кезінде адам құқықтарына нұқсан келтіретін заңнаманың кемшіліктері мен олқылықтарына жиі тап болады. Сондықтан Конституциялық сот арқылы оларды жою мүмкіндігі туындайды.