«Бұл адамдар қиратулар, ғимараттарды өртеу, қаруларды жымқыру, мемлекеттік және құқық қорғау органдары ғимараттарына қарулы шабуыл жасауда белсенді түрде қатысқан. Әрбір қамалған бойынша олардың осы қылмыстарға қатысы бар жөнінде жеткілікті мәліметтер бар. Бұған дейін Алматы қаласы әуежайына шабуыл жасалғаны туралы хабарланған болатын. Кейбір қылмыскерлердің рөлін түсіндіріп өтейін. 5 қаңтарда «Н» есімді азамат адамдар тобымен  Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолағының жарығын өшірді. «Н» өзінің әрекеттерімен стратегиялық объектінің қызметін тоқтатты, нәтижесінде ұшақтар жолаушылармен ұшып кете алмады және токтан ажыратылған ұшу-қону жолағында 10 сағаттан артық тұруға мәжбүр болды. Осы уақытта қарулы топ Алматы әуежайының ғимаратында қиратулар мен тонауларды жасады. «Н»-нің іс-әрекеттері терроризм актісі, яғни Қылмыстық кодекстің 255-бабымен сараланды. Оның қылмыстарға қатыстылығы жиналған дәлелдемелермен расталады. Қаңтар оқиғалары ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауаптылыққа тарту үшін жұмыстар жалғасуда», - деді спикер. 


4 қаңтарда Алматы облысында «А» және жеке адамға қарсы қылмыс үшін сотты болған «С» есімді азаматтар қиратуларды, мүліктерді жою және билік өкілдеріне қарсы күш қолдануды ұйымдастыру туралы алдын ала сөз байласқан. 5 қаңтарда аталған адамдар әлеуметтік желілер арқылы Талдықорған қаласындағы шағын ауданда 400 адамды жинап, осы жерде оларға облыс әкімдігін басып алу үшін толық нұсқау берген.  


«Ұйымдасқан топ орталық алаңға қарай жүріп, онда жол бойында тастармен және меттал кесінділермен қаруланған. Агрессивті топ қолда бар құралдардың көмегімен полицияның қоршауын бұзып өтіп, облыс әкімдігінің ғимаратын өртеді. Қол жеткізген нәтижелермен тоқтамай, «А» және «С» жазаланбауын сезініп, топқа тағы да 500 адамды қосып алып, одан әрі барлығы Талдықорған қаласы Полиция басқармасының ғимаратын басып алуға барды. Олардың қылмыстық әрекеттерінен полицияның ғимараты 80 пайызға жойылды», - деді прокурор оқиғалар хронологиясына тоқтала келе.