«Тергеу материалдары мен нәтижелерін талдауда бөтен мүлікті ұрлағаны үшін ұсталғандардың көпшілігі алғаш рет заңды бұзған жастар екендігі анықталды. Мұндай адамдарға тергеушілер олардың жеке басын және оң сипаттамаларын ескере отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданады. Бүгінгі күні осы негіздер бойынша және келтірілген залалды өтеу бойынша 326 күдікті қамаудан босатылды. Өз кезегінде сот органдары сотталушыға жаза түрі мен мөлшерін анықтау кезінде адамгершілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, жасалған құқық бұзушылықтың сипатын, ауырлық дәрежесін, қоғамдық қауіптілігін, кінәлілердің жеке басын, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, тағайындалған жазаның оларды түзеуге әсерін және жәбірленушілердің пікірін ескереді. Мысалы, тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының тұрғыны "Технодом" сауда үйінен құны 1 млн.теңгеден асатын 2 теледидар, шаңсорғыш және қар жинайтын машинаны ұрлаған. Асырауында кәмелетке толмаған 2 баланың болуын және залалдың өтелуін ескере отырып, күдіктіге сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында бұлтартпау шарасы үйқамаққа алуға өзгертілді. Сондай-ақ, сот жеке мінездемесін, жасаған ісіне толық өкініп, келтірілген залалды өтегенін ескере отырып оны 2,5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды», - деді спикер.
Тағы бір мысал, ү.ж. 5 және 6 қаңтарда Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының үш тумасы «Фора» дүкенінен құны 1 млн. теңгеден асатын 8 ұялы телефон ұрлаған.
«Тергеу барысында бұрын сотталмаған екі күдіктіге келтірілген залалды өтегеннен кейін бұлтартпау шарасы үйқамаққа өзгертілді, ал ұрлық үшін соттылығы бар үшінші адам қамауда қалды. Қылмыстық істі сотқа жібергеннен кейін, бұрын сотталмаған екі адамның үш жылға бас бостандығышектелді, ал үшінші соттылығы бар адам бас бостандығынан айырылды. Қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес кінәсін мойындаған және тергеуге жәрдем көрсеткен жағдайда, сот жасалған қылмыс үшін санкцияда көзделгеннің жартысынан аспайтын жаза тағайындайды. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша 155 адам қамауда отыр, олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп күдіктелуде», - деп атап өтті спикер.