Еліміздің барлық бағыттарындағы түрлі қауіп-қатерге жедел ден қою үшін, сондай-ақ дербестік беру мақсатында құрлық құрамынан десанттық-шабуылдау әскерлерін шығару көзделген. 

«Әскерлердің жауынгерлік даярлық жүйесіндегі кейбір тәсілдер қайта қаралуда. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды талдау, жедел өнер мен тактика саласындағы жаңа көзқарастар негізінде әскерлерді қолдану нысандары мен тәсілдеріне жаңа элементтер енгізілуде. Оларды сынау әр түрлі жаттығуларда жүргізіледі. Мәселен, жақында «Батыл тойтарыс – 2022» ведомствоаралық стратегиялық оқу-жаттығуы өткізілді, оның барысында күш құрылымдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыруға және бірыңғай қолбасшылықпен түрлі ведомствалық әскерлер топтамасын қолдануға басты назар аударылды. Дағдарыс жағдайларында күш құрылымдары арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленді, Қарулы Күштерді қолдану ерекшеліктері айқындалды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аумақтық әскерлерді қалыптастыру тәсілдері қайта қаралуда. Олардың дағдарыстық жағдайлардағы негізгі міндеті - маңызды мемлекеттік объектілердің, сондай-ақ тіршілік әрекетін қамтамасыз ету объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай тәсіл тікелей мақсаты бойынша міндеттерді орындау үшін жауынгерлік бөлімшелердің жеке құрамын босатуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті генерал-лейтенант. 


Айта кетейік, заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес резервте қызметті енгізуді көздейтін заңнамаға өзгерістер дайындалуда. Азаматтар негізгі жұмыспен қоса, ерікті негізде әскери қызмет өткереді деп болжануда. Резервшілерді даярлау тұрғылықты жері бойынша жылына екі айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Заңнамалық бекіту резервтің және аумақтық қорғаныстың әскери бөлімдерін қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану дағдылары бар даярланған мамандармен жасақтауға мүмкіндік береді.