Президент сарайындағы салтанатты рәсім аясында екіжақты сұхбат барысында қазақстандық дипломат хорват мемлекетінің басшысын Қазақстан Республикасының өзекті ішкі және сыртқы саясаты, өңірдегі геосаяси ахуал, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асудағы іргелі саяси өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық реформалар және Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша алдағы жалпыұлттық референдум, Екінші республиканың басты идеологиясы мен стратегиясы туралы жан-жақты хабардар етті. 

Дипломатиялық қатынастарымыздың 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан-Хорватия ынтымақтастығын жан-жақты нығайту мен екі мемлекеттің халықаралық және еуропалық сахнадағы өзара іс-қимылын бекімдеп, тереңдетуге бағышталған дәйекті қадамдар айқындалды. Үдемелі, өзара тиімді ынтымақтастық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық сипаттағы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында қазақ-хорват әріптестігін сапалы жаңа сатыға көтеріп, дамыту бағыттары белгіленді. 

Хорватия Президенті Қазақстан халқы мен Президентіне ізгі тілегі мен ниетін жеткізіп, елшінің хорват еліндеге дипломатиялық миссиясына толағай табыстар тіледі.