Оның айтуынша, бұл заңда көзделген жаңалықтарды бірнеше топқа бөліп қарастырған жөн.

«Бірінші суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне көшу. Президенттік басқару жүйесі қолданыстағы Конституция қабылданған кезде енгізілді. Күшті президенттік билік тәуелсізідктің басында әртүрлі салаларда түбегейлі реформалар жүргізуде қажет болды. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ 1998, 2007, 2017 жылдары өткізілген конституциялық реформалар барысында мемлекет басшысының өкілеттіктері біртіндеп басқа мемлекеттік органдарға беріле бастады. Сол үрдіс қазіргі төртінші конституциялық реформада жалғасын тауып отыр. Президенттің бірқатар өкілеттіктерінен бас тартуы, саяси партиядағы мүшелігін тоқтауы еліміздегі саяси күштердің арасындағы бәсекелестіктің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерді Жолдауда айтылған басқа да өзгерістермен жүйелі түрде қарастырған жөн. Президент саяси партиядан шығып қана қойған жоқ, саяси партияларды құруға қойылатын талаптарды да едәуір жеңілдетіп жатыр. Бұрын саяси партия құру үшін оның 50 мың мүшесі болуы тиіс еді, кейіннен 40 мыңға, былтыр 20 мыңға, қазір 5 мыңға дейін төмендетілді. Жаңа партиялардың құрылуына жағдайлар жасалады. Ондай процестер елімізде жүріп жатыр», - деді спикер.