Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «Ел намысы» арнайы мониторингтік тобы қызметінің өткен 6 айдағы жұмысының қорытындылары туралы ұйым мүшесі Дидар Смағұлов айтып берді.

«Қарағанды облысының Теміртау қаласында полицияның Шығыс бөлімінің тергеушісі күдіктіден қылмыстық істі тоқтату үшін 500 мың теңге көлемінде пара талап еткен, ал бұған барлық заңды негіз болған. Ол ұйымға жүгінгеннен кейін, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік органдарын тарттық және пара сомасының бір бөлігін беру кезінде бұл адам анықталды. Аталған кезеңде барлығы 13 500 азаматтың қатысуымен 500-ге жуық кездесу өткізілді, 615 жеке қабылдауға 2300-ден астам адам қатысты, онда әркім мемлекеттік органдарға хат жолдаумен немесе проблемаларды шешудің өзге де нұсқаларымен қажетті консультациялар ала алды. Әкімшілік жауапкершілікке тарту сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың пәрменді құралдарының бірі болып табылады: себебі шенеуніктің заңсыз іс-әрекетіне қоғамға салдары тигенге және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанға дейін тосқауыл қойылады. Осылайша, біздің ұйымның материалдары бойынша мемлекеттік органдар 40 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл сала отырып, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 145 хаттама толтырды. Олардың жартысы - мемлекеттік қызметшілердің немесе оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуы», - деп атап өтті спикер.

Мысалы, Ақтөбе қаласында спорт мектептерінің бірінің директорының орынбасары жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алулармен айналысып, басқа спорт мектептері мен білім беру ұйымдарына қызмет көрсеткен. Оған 428 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, сондай-ақ оның 16 млн теңгеге жуық заңсыз кірісі мемлекет пайдасына тәркіленді. Әкімшілік хаттамалардың ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар да бар - 40 хаттама. Жалпы, анықталған бағаны көтеру мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзу көлемі 16 миллиард теңгеден асады.