2022 жылғы 11 мамырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев ҚР Президенті Қ. Тоқаев пен ТР Президенті Р.Т. Ердоғанның қатысуымен өткен қазақ-түрік дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты.

Іс-шара аясында ҚР Президенті Қ.Тоқаев Түркияның ірі компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді.

Осылайша, «Yildirim Holding» президенті Р.Ю. Йылдырыммен кездесу өткізіліп, тараптар Yildirim ірі түрік холдингі мен «Қазгеология» қазақстандық ұлттық компаниясы арасында инвестициялық геологиялық барлау жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Тараптар ағымдағы ынтымақтастықты оң бағалап, осы бағыттағы сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

Сонымен қатар, 10 мамырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С. Брекешевтің Түркия Ауыл және орман шаруашылығы министрі Вахит Киришчимен кездесуі өтті.

Тараптар балық шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, балық ресурстарын басқару және сақтау саласындағы сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға келісті.

Сонымен қатар, орман шаруашылығы саласында орман өсіру, орман өрттерін басқару, су, жел және құм эрозиясымен күрес және т. б. салалардағы қазақстан-түрік ынтымақтастығын дамыту үшін негіз болатын меморандумға қол қойылды.

Министр С.Брекешев түрік тарапының тәжірибесін атап өтіп, Қазақстан тарапының су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мәселелері бойынша «су мамандары» арасында тәжірибе алмасуға мүдделілігі туралы хабарлады.

Бұған қоса, 10 мамырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешевтің ТР Қоршаған орта, урбандалу және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Куруммен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Министр С.Брекешев Меморандум экологиялық ақпараттық жүйелер, биоалуантүрлілікті сақтау, қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаның ластануын азайту және климаттың өзгеруіне қарсы күрес сияқты бағыттар бойынша Қазақстан-Түркия ынтымақтастығына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, тараптар ұлттық табиғи парктер аумағында экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша екі елдің сарапшылары арасында тәжірибе алмасуды өткізуге келісті.