Мерейтойға орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Финляндияның Қазақстандағы Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист екі ел басшылығы атынан құттықтау хаттарымен алмасудың салтанатты рәсімін өткізді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтау хатында, «Тарихи тұрғыдан осындай қысқа мерзім аралығында ынтымақтастықтың қарыштап дами түскенін» атап өтті. Өз тарапынан Финляндия Президенті Саули Ниинистё елімізді 30 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтап, Қазақстан халқына одан әрі өркендеу тіледі.

Сондай-ақ, екі ел Сыртқы істер министрліктерінің басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Пекка Хаависто өзара құттықтауларымен алмасып, халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Үш онжылдықтың ішінде біздің елдеріміздің тығыз саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар орнатты. Сонымен қатар, Қазақстан мен Финляндия көпжақтылықты қолдап оны дамытуға үлкен үлес қосады. Тиімді көпжақтылық геосаяси қақтығыстардың алдын алуда, экологиялық тұрақтылықты сақтауда, және азаматтық қоғам мен адам құқықтарын қорғауды нығайтуда өте маңызды. Осы орайда, тараптар халықаралық ұйымдар аясында, ең алдымен БҰҰ мен ЕҚЫҰ құрылымдарында табысты ынтымақтастық құрды. Осылайша, 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшелері ретінде Қазақстан мен Финляндия халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша тығыз қатынас орнатты. Сондай-ақ, Қазақстандық тарап Хельсинки Қорытынды актісінің 50 жылдығы тойланатын маңызды 2025 жылға Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдады.

Екі ел парламентаралық диалогты дамытуға үлкен мән береді. Парламенттер жанында құрылған «Достық топтары» парламентаралық байланысты кеңейтуге айтарлықтай үлес қосуда.

Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келеді. Өткен жылдың соңында Суоми Скандинавия аймағындағы елдер арасында Қазақстанның сауда серіктесі ретіндегі жетекші позициясын сақтап қалды ($302,7 млн), сонымен қатар еліміздің экономикасына инвестиция тарту ($379,6 млн) бойынша екінші орынды (Швециядан кейін) иеленді. Бүгінгі таңда Қазақстанда фин заңды тұлғаларының 45 бірлескен кәсіпорны, филиалдары мен өкілдіктері тіркелген, олардың ішінде Nokia, Metso, Wartsila, Vaisala, Kone, Honka, Tikkurila, Reka, Lindstrom, Onninen және т.б.

Екіжақты ынтымақтастықты дамытуда Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және оның энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім саласындағы мамандандырылған жұмыс топтары маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ҮАК тең төрағасы, Финляндияның Сыртқы сауда және халықаралық даму министрі Вилле Скиннаридің 2021 жылғы 13-14 мамырда өткен жұмыс сапары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

Халықаралық рейтингтерде жетекші орынға ие Финляндияның білім беру жүйесі ерекше қызығушылық тудырады. Осылайша, Хельсинки университеті 2021-2023 жылдарға арналған «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылған университеттер тізіміне енді. Бүгінгі таңда Финляндияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 40-қа жуық маман білім алды.

2013 жылдан бастап JAMK қолданбалы ғылымдар университеті қазақстандық мейірбике мамандарын даярлау жүйесін реформалауда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық серіктесі болып табылады. Ынтымақтастық аясында мыңнан астам денсаулық сақтау саласының мамандары қатысқан бірлескен іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылды.

Р. Василенко Елшімен кездесуде атап өткендей, «Қазақстан мен Финляндияның ортақ тұстары көп: мысалы финдер де, қазақтар да хоккейге деген сүйіспеншілігімен танымал». Осы орайда қазақстандық дипломат Финляндияда бүгін басталатын шайбалы хоккейден Әлем чемпионатын сәтті өткізуді, ал екі елдің құрамаларына сәттілік пен әсерлі жеңістерді тіледі.

Жалпы, Қазақстан мен Финляндия бірқатар салаларда өзара табысты іс-қимыл жасауда және тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша жұмыс істеуге дайын.