Іс-шара барысында ТМД елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты әрі сындарлы пікір алмасып, Достастық форматындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ТМД елдерінің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту мақсатында ТМД елдерінің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын орындау қорытындыларын қарауға ерекше назар аударылды. СІМК қатысушылары ұйым шеңберінде 2021 жылы өткізілген сімаралық консультациялардың нәтижелерін мақұлдады.

Министрлер мәдениет және ғылым, туризм, нотариаттық қызмет саласындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізу үшін «ТМД жастар астанасы» халықаралық жобасы туралы ереженің жобасы, сондай-ақ Достастық мемлекеттерінің іргелі зерттеулерінің басым бағыттары бойынша перспективалы ғылыми жобалардың тізбесі мақұлданды.

СІМК шешімімен «Жібек жолы» Халықаралық туризм университетіне (Самарқанд қ., Өзбекстан) туризм саласындағы ТМД елдерінің базалық ұйымы, Беларусь нотариаттық палатасына - нотариаттық қызмет саласындағы мәртебесі берілді.

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысын ағымдағы жылдың 13 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.

ТМД СІМК алаңында Министр М.Тілеуберді Беларусь және Тәжікстан Сыртқы істер министрлері Владимир Макей және Сироджиддин Мухриддинмен екіжақты бөлек кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.