«Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары 8 жобаға дейін оңтайландырылды, 5 университеттік аурухана, 3 көпбейінді аурухана - Түркістан, Петропавл, Көкшетау басқа да облыс орталықтарында, қалаларда салу жоспарлануда. Халықаралық стандарттарды ескере отырып мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттары негізінде денсаулық сақтау объектілерін салу жобаларының үлгілік ережелерін әзірлеу үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қазіргі уақытта аурухана құрылысының 1 шаршы метрінің шекті құны, 1 төсек-орынның шекті алаңының нормативі, медициналық жабдықтар тізбесі және оңтайлы қаржы моделі айқындалуда», - деді ведомство басшысы. 


Сонымен қатар, дәрінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда шығарылатын базалық дәрілердің тізбесі айқындалды: Базалық тізбеден 182 позиция бойынша дәрі-дәрмек жеткізуге отандық фармацевтика өндірушілерімен ұзақ мерзімді шарттар жасалды; тағы да 500 астам позиция бойынша елімізде өндіру мүмкіндігі пысықталуда. 


«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін арттыруды қамтамасыз ету үшін 2026 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығаратын кемінде 30 жаңа өндіріс ашу жоспарлануда, оған Big Pharma тартылатын болады. 2021 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесі 37%-ды құрады. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 50% дейін жеткізу міндетін алға қойды», - деді министр.