Оның айтуынша, балалар бос уақытында негізі ақпаратты көбінесе теледидардан немесе Интернеттен алады.  


«Қазақстандық қоғамдық даму институты «Nickelodeon» және «TiJi»каналдары таңдамас бұрын, 2020 жылы ата-аналар арасында арнайы сауалнама жүргізді. Оған Қазақстанның 14 облысы мен 3 еспубликалық маңызы бар қаласынан 15 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары, 1200 респондент қатысты. Негізгі тақырып «Қазақстандағы балалар телевидениесі» болды. Сауалнаманың негізінде тепе-тең нәтиже шықты. Яғни, балалардың 44% Интернеттен, 44% теледидардан, көбінесе бұл мультипликациялық анимациялық фильмдерден ақпарат алады. Мысалы, еліміздегі «Балапан» каналының контенті 0-ден 6 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ал 6-дан 12 жасқа дейінгі балалардың көңілі ауып кетеді, берілген контент оларды қызықтырмайды. Осыған орай, «Халықаралық деңгейдегі қандай телевизиялық каналдар  балалар арасында сұранысқа ие?» деген екінші зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, «Nickelodeon» және «TiJi» және ресейлік «Мульт» каналдары алдыңғы қатарға шықты. Осы нәтижелерді ескере отырып, 2021 жылы «Nickelodeon» және «TiJi» каналдарымен келісімшарт жасалды. Бір жыл бойы контент қазақшаға аударылды. Ал 2022 жылы балалар жылына орай осы каналдар қазақ тілінде кабельдік операторлар арқылы таратылып отыр», - деді институт төрағасы.  


Сонымен қатар, спикер кейбір телеарналардағы контенттің балалардың психикасына әсері де тексерілгенін атап өтті. «Nickelodeon» және «TiJi» арналарында жекелеген ішкі сараптама жүргізілген.  


«Ішкі сауалнамаларының және ДДСҰ-ның, қорытындысы бойынша контенттің психикаға кері әсерін тигізбейтін баламасы дайындалды. Ең бастысы, балалар бос уақытында теледидар арқылы материалды қазақ тілінде алады. Қазақ тілді контенттің көбеюі алдағы күндері қазақ тілді ортаның ұлғаюына алып келеді. Сондықтан басты назар осы балаларға арналған анимациялық, мультипликациялық каналдарға аударылып отыр», - деді спикер.