Оның айтуынша, ескірген инфрақұрылым мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қол жетімділікпен байланысты негізгі проблемалық мәселелерді, әсіресе ауылдық деңгейде, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік жоспарларын іске асыру шеңберінде кезең-кезеңімен шешу көзделген. 


«Сонымен қатар, «Саламатты ұлт» азаматтарға арналған сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту қарастырылған. Бұл бюджет қаражаты есебінен 20 денсаулық сақтау объектісі - республикалық деңгейде 4 нысан және жергілікті деңгейде 16 нысан; Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық орталық, сондай-ақ өңірлерде шетелдік инвесторларды тарта отырып, халықаралық стандарттар бойынша ірі көп бейінді ауруханалар салынады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы жалғасуда, Алматы қаласында Отан соғысының мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь үшін 120 төсек-орындық көп бейінді аурухана құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арасындағы меморандум шеңберінде Ғылыми-зерттеу компоненті бар екі көп бейінді клиниканың құрылысы бойынша жобалар іске асырылуда: «Нұр-Сұлтан қаласындағы 200 төсек-орындық шұғыл медицинаны ұлттық үйлестіру орталығы» және «Алматы қаласындағы 350 төсек-орындық жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы», - деп атап өтті ведомство өкілі.  


Бұдан басқа, республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен Маңғыстау облысының, Жамбыл, Алматы облыстарында жергілікті деңгейде жобалар іске асырылуда.  


Жалпы, 2030 жылға дейін 972 МСАК нысанын, аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде 35 жаңа аурухана салу және ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 1 033 аурухана мен емхананы күрделі жөндеу жоспарланған. 
Спикер салынған нысандар барлық өңірлердің халқына жоғары технологиялық, білікті, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, тиімділігін және сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.