Азиз Абдухакимовпен келіссөздер туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Дәурен Абаев Қазақстан аумағындағы туристік бағыттарды дамыту, туристік өнімдер мен трансшекаралық турларды құру туралы айтты.

Әңгіме барысында бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

«Орталық Азияның бірыңғай стендімен Tourism Expo Japan- 2022  халықаралық туристік көрмесіне бірлесіп қатысу бастамасы үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Бұған дейін мұндай ынтымақтастық әрекеттері біздің елдеріміз арасында 2020 жылдың басында Берлиндегі ITB тур көрмесі тұсында болды, пандемияның басталуына байланысты бұл бағыттағы бірлескен іс-шаралар тоқтап қалды. Орталық Азияның бірыңғай туристік брендін, өңіріміздің бай тарихи-мәдени мұрасын одан әрі ілгерілету мақсатында күш - жігерімізді біріктіру қажет», - деді Дәурен Абаев.

Министр Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы құрлықтағы өткізу пункттерінде чартерлік туристік автобустардың кедергісіз өтуі үшін тиімді жағдай жасау мәселесіне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ министр 2023 жылы кемінде 10 көрмеге қатысу, бірқатар роуд-шоулар, инфотурлар мен жарнамалық науқандар жоспарланғанын хабарлады.

Зарина Догузовамен әңгіме барысында да туризм саласындағы ынтымақтастық тақырыбы көтерілді. Осы ретте Дәурен Абаев 2023-2025 жылдарға арналған туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және оған қол қоюға, рейстер санын ұлғайтуға және ұшу географиясын кеңейтуге, сондай-ақ туристік трансшекаралық маршруттарды құруға мүдделілік білдірді.

«Еліміздің имиджін көтерудің ең танымал әрі тиімді құралдарының бірі - роуд-шоу өткізу. Биыл біз Ресейдің Новосибирск, Екатеринбург, Санкт-Петербург және Омбы сияқты ірі қалаларында роуд-шоу өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Адхам Икрамовпен келіссөздер аясында Дәурен Абаев Қазақстан мен Өзбекстан спорт саласындағы көптеген бағыттарда жемісті өзара іс-қимыл жасалып жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта спорт саласындағы өзара қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз олимпиадалық қозғалыс аясында спорттың көптеген түрлері бойынша тығыз байланыс орнаттық. Қазақстан мен Өзбекстанның спорт ұйымдары спорттық білім беру, спорттық медицина және бірлескен оқу-жаттығу жиындары бойынша жемісті өзара іс-қимыл жасап отыр. Өзбек спортшылары ірі халықаралық спорттық іс-шараларға белсенді қатысуда. Биылғы жылдың мамыр айының басында Нұр-Сұлтан қаласында Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті. Іс-шараға ТМД елдерінің спортшылары, соның ішінде Өзбекстаннан спортшылар қатысып, жалпы командалық есепте 3-ші орынға ие болды. Өз кезегінде қазақстандық спортшылар 2021 жылы Өзбекстан аумағында 7 оқу-жаттығу жиынына және түрлі деңгейдегі 11 халықаралық жарысқа қатысқан болатын», - деді Дәурен Абаев.