Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов, Норвегияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Даг Халворсен және Лиллехаммердегі Олимпиада ойындарының чемпионы Владимир Смирнов сөз сөйледі.

Таңбалыны сақтауға қосқан үлес үшін алғыс

Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға қосқан үлесі үшін норвег сарапшылары Норвегиялық мәдени мұра агенттігіндегі Анна-София Хиген және Тромсө университетінің профессоры Кнут Хельског «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен марапатталды.

2000-2006 жылдары ЮНЕСКО мен Норвегияның Сыртқы істер министрлігі қолдауымен норвег сарапшылардың тобы Алматы облысындағы Таңбалы петроглифтерінің менеджменті, оларды сақтау және таныстыру жобасын жүзеге асырған болатын. Соның нәтижесінде, 2004 жылы Таңбалы жартас өнерінің кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енді.

Марапаттарды норвегтерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Елші Е.Ахинжанов табыс етті.

«Мен Қазақстанға Таңбалы сияқты алаңшада жұмыс істеуге тамаша мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Барлығыңызға сол жерге міндетті түрде барып керемет мәдени атмосфераға шомылуға кеңес беремін. Негізінен қола дәуіріне жататын жартастағы бейнелер тобы ортағасырлық пен қазіргі заманауи таңба белгілері және көне бейіттер, сондай-ақ әдемі пейзаж бар. Ол жерге бару нағыз тұрарлық нәрсе!», - деді Анна София Хиген марапаттау рәсімі кезіндегі сөзінде.

Ол Таңбалыны Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге жұмыс атқарған қазақстандық сарапшылар – Алексей Рогожинскийдің, Елена Хороштың, Болат Әубекеров пен Любовь Чарлинаның үлкен рөлін атап өтті.

Олимпиада чемпионы өткізген «Тұсау кесу»

Мәдени кешке Олимпиада чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионы Владимир Смирнов арнайы келіп қатысты. Норвегтер құрметпен «Смирре» деп атайтын атақты қазақстандық шаңғышы екі ел арасындағы достық байланыстарды орнатудағы спорттың рөлі туралы айтып, жиынға қатысушыларды дипломатиялық қарым-қатынастардың мерейтойымен құттықтады.

Көрермендер қазақтың көнеден келе жатқан «Тұсау кесу» рәсімін тамашалады.

Норвегия ұлттық балеті солисі Эрик Мурзағалиев пен оның жұбайы, балет әртісі Фрея Томас өз қыздарына арналған маңызды дәстүрді атқару үшін арнайы осы кешке келді. Сәби Ария Астридке Владимир Смирнов салтанатты түрде тұсауын кесті, ал ақсақал Қақайша Шақарбай ақ батасын берді.

Абай әні - норвег тілінде

Алмагүл Қалелова бастаған Норвег-қазақ мәдени орталығының мүшелері «Косбасқан» мен «Аққуымсың» билерін, ал Құрбанжан мен Фирюза Юсуповтар ұйғыр биін ұсынды.

Ставангердегі «NorKaz» норвег-қазақ бірлестігінің белсендісі Бағытжан Қалиев домбырамен «Дедім-ай, ау» атты халық әнін орындады.

Ал Димаш Құдайбергеннің норвегиялық фан-клубының жетекшісі Анетта Слетмоен қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін норвег және қазақ тілдерінде шырқады.

«Димаш осы әнімізді естіп, Ослоға концертпен келетініне зор үмітімізді артамыз», - деді Анетта.