ҰЭМ басшысы өз сөзінде жоба Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау, сондай-ақ салық салу мәселелері бойынша Үкіметтің өзекті міндеттерін шешу үшін әзірленгенін атап өтті. Заң жобасының басты бағыттарының бірі табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті күшейту болып табылады.
Қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасы талданды. Мәселен, 2018-2022 жылдар кезеңінде биржалық металдар бағасы 40%-дан жоғары өсім көрсетті, биржадан тыс пайдалы қазбалар (темір кені, хром кені, марганец және т.б.) орта есеппен 20%-дан 40%-ға дейін өсім көрсетуде.
«Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) мөлшерлемелерін 50%-ға, ал қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30%-ға ұлғайту ұсынылады», - деп нақтылады Ә.Қуантыров.
Сондай-ақ, министр капиталды елден шығармауды ынталандыруға бағытталған шаралар туралы айтты. Қазіргі уақытта белгілі бір шарттарды сақтаған кезде, дивидендтерді салық салудан босату қарастырылған.
«10% мөлшелермесін белгілей отырып, жеңілдіктерді алып тастау ұсынылады. Салық практикасы материалдық емес қызметтер үшін өзара байланысты тұлғаларға төлем түрінде ақшаны шетелге шығару жағдайлары бар екенін көрсетеді. Осыған байланысты, бейрезидент-үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді қолдануды салық салынатын кірістің 3%-нан аспайтын мөлшерде шектеу ұсынылады», - деп хабарлады ол.
Келесі өзгеріс – сандық майнингке салық салуды күшейту. Ағымдағы жылдың басынан бастап тұтынылған электр энергиясының 1 кВт-сағатына 1 теңге мөлшерінде цифрлық майнинг үшін төлем енгізілді.
«Жүктемені теңестіру және жеке электр энергиясын тұтынуды ынталандыру үшін сараланған мөлшерлемелер ұсынылады: электр энергиясының құны неғұрлым төмен болса, төлем мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады», - деді ҰЭМ басшысы.
Темекі өнімдеріне салық салуға келетін болсақ, 2024 жылы темекіге акциздер кемінде 28 евро деңгейінде белгіленуі тиіс. Міндеттемелерді орындау үшін темекіге, сондай-ақ қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту ұсынылады.
Қуантыров Мемлекет басшысы бизнеске қаңтар айындағы оқиғалар кезінде келтірілген залалды өтеу бойынша көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.
«Аталған жұмыс барысында салық салу мәселелері туындайды. Алынған өтеу сомасы бойынша салықтық міндеттеменің туындауын болдырмау мақсатында осы мәселелерді реттеу бойынша нормалар ұсынылады», - деді ол.
Бұдан басқа, министр ЕАЭО аумағынан жекелеген тауарлардың импортына салық салу кезінде бағаның ең төменгі деңгейі қолданылатынын атап өтті. Норма әкелінетін тауарлардың құнын төмендету фактілерінің алдын алу үшін қабылданды. Бұл құралды «үшінші» елдерден импортталатын тауарларға қолдану ұсынылады.
Өз кезегінде депутаттар заң жобасы бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәжілісмендердің пікірлері қарастырылатынын атап өтті.