Нұрлан Әбдіров өз сапары аясында ағымдағы жылдың 23 мамырында Түркістан облысы Арыс қаласында, сондай-ақ 24 мамырда Шымкент қаласында семинар-кеңестер өткізді.

Семинарларда референдумға дайындық пен оны өткізу, дауыс беруге арналған учаскелерді материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі әкімдіктер мен аумақтық референдум комиссияларының жұмысы туралы мәселелер қаралды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы, дауыс беру күні БАҚ өкілдерін тіркеу тәртібі, референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.

Семинар-кеңестерге аумақтық референдум комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өкілдері, әділет департаментінің, прокуратураның басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Нұрлан Әбдіров семинар-кеңесте өз кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу туралы бастамасы ағымдағы жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында жарияланғанын атап өтті.

Үстіміздегі жылғы 5 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылғы 5 маусымға Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындалды.

Осылайша, Конституцияға түзетулерді бүкілхалықтық, яғни қазақстандықтардың өз ықтиярымен дауыс беру жолымен енгізу ұсынылып отыр.

Семинар барысында азаматтарды ақпараттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, әкімдік өкілдері осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндады.

Мәселен, Түркістан облысында республикалық референдум туралы ақпарат және кеңес беретін бірыңғай Call-орталық іске қосылып отыр. Бірыңғай Саll орталығына хабарласып, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімінде өз өзін тексеріп, сондай-ақ учаске нөмірі мен оның мекенжайын нақтылауға болады.

Шымкент қаласында референдум өткізу мәселелері бойынша азаматтардың сұрақтарына жауап беретін Cаll-орталықтар ұйымдастырылып, аптасына 5 күн жұмыс істеп келеді. 2022 жылғы 1 маусымнан бастап Cаll орталықтары аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат режимге ауыстырылмақ.

«2 GIS» жүйесінде 1 маусымнан бастап мобильді платформалар арқылы «референдум учаскесін іздеу» сервисі қосылады (қазіргі уақытта веб-нұсқасы жұмыс істеуде).

«I-shymkent.kz» сайты арқылы азаматтар өздерін сайттағы дауыс берушілер тізімінде тексеріп алу сервисі жұмыс істейді, Telegram-да «Ishym_bot» сервисі іске қосылған, оның көмегімен әрбір азамат өз ЖСН теру арқылы референдум бойынша өз учаскелерін анықтай алады.

Семинарға қатысушылардан келіп түскен барлық сұрақтарға Орталық референдум комиссиясының өкілдері толыққанды жауап берді.

ОРК Төрағасы «Президенттің Жарлығымен Үкіметке, ОРК орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп референдум ұйымдастыру мен өткізу бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды. Сондықтан референдумды ұйымдастырушылар бұл жұмысқа барынша күш салуы керек. Дауыс беру күніне екі аптадан аз уақыт қалды. Референдумды өткізуге байланысты барлық ұйымдастырушылық аспектілерді пысықтау қажет» - деп атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрлан Әбдіров инспекциялық тексерумен 15 учаске барды. Яғни Арыс қаласындағы, Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы, Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Қаратау және Еңбекші аудандарындағы учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы және қажетті жағдайлар жасау тұрғысынан азаматтардың, оның ішінде мүгедек жандардың дауыс беруілері үшін қолға алынып отырған шаралармен танысты.

Учаскелік комиссия мүшелері дауыс беруге арналған үй-жайды ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелері туралы баяндады.

Кейбір учаскелерде комиссия мүшелеріне үстелдерінің орналасқан жері және дауыс беруге арналған үй-жайлардағы қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне арналған орындар бойынша бірқатар ескертулер берілді. Нұрлан Әбдіров комиссияларға қоғамдық бірлестіктер, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері дауыс беруді және дауыстарды санау рәсімдерін ұйымдастыру кезінде барлығын кедергісіз көріп отырулары қажеттігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, учаскелердегі барлық ақпараттық-түсіндіру материалдары референдумға қатысушылардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың танысуы үшін қолжетімді және ыңғайлы болуы тиіс екенін тапсырып, «Бұл санаттағы бірде – бір азамат назардан тыс қалмауы тиіс» - деп атап өтті.

Орталық референдум комиссиясы басшылығының ескертулерінен кейін барлық кемшіліктер дереу жойылды.

Сондай-ақ, ОРК Төрағасы учаскелік комиссияларға жоғары тұрған комиссиялар мен уәкілетті органдардың көмегімен барлық мүгедек азаматтарға қоңырау шалып, дауыс беру күні инватакси қызметін ұсынуды, сурдоаудармашыларды тартуды және нашар көретін және зағип азаматтардың дауыс беруі үшін трафареттердің міндетті түрде болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Учаскелік комиссия мүшелерімен кездесу аясында «Дауыс беру күні» атты ойын тәртібін қолдана отырып, комиссия мүшелеріне арналған оқыту тренингі өткізілді. Тренингтің мақсаты учаскелік референдум комиссиясы мүшелерінің дауыс беру рәсімін игеруі, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімімен, есептен шығару куәліктерімен, азаматтардың, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің ауызша және жазбаша өтініштерімен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын игеру.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік комиссиялардың мүшелеріне бірқатар нақты тапсырмалар беріп, дауыс беру күні референдумды ұйымдастыру мен өткізу қатаң түрде заңнама талаптарына сай жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.