Қазақстан Елшісі Асқар Жұмағалиев онлайн режимінде өткен дөңгелек үстелдің қатысушыларына лебізін арнап, алғысөз жолдады.
«Бүгінде біздің елімізде 18-ден астам діни конфессияға қарайтын 130-дан астам ұлттың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Міне, дәл сондықтан да Қазақстанды «өркениеттер тоғысы» деп атайды», - деді А. Жұмағалиев.
Елші атап өткендей, Қазақстан ислам, христиан және будда діндерінің арасындағы табиғи шекара болып отыр. Бұнымен қоса, республикамыз әлемдік және дәстүрлі діндер арасында диалог орнатуға арналған бірегей халықаралық алаңға айналып үлгерді. Міне, 20 жылдан бері съезд қазіргі заманның негізгі қауіп-қатерлеріне жауап беруде, мәдениет пен өркениетті қолдануда маңызды рөл атқарып отыр.
Роттердам Ислам университетінің проректоры Эмрулла Акгюндузда Елшінің ойына қолдау танытты.
«Өкінішке қарай, біз өмір сүріп жатқан әлем сан жаққа бөлініп кеткен. Адамдар кез келген дүниені сылтау етіп, сөз таластырады, ұрысады. Бәріміз әртүрліміз, бірақ, бізді XXI ғасырдың қиындықтарынан алып шығатын және бізді біріктіретін бір дүние бар, ол – сенім. Сондықтан, бүгін конфессиялар арасындағы келісім ауадай қажет», - деді Э. Акгюндуз. Сонымен қатар, ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін ұйымдастыру мен өткізуге қатысты бастама көрсеткен Қазақстанға алғыс білдірді.
Өз кезегінде Гронинген Университетіндегі саяси-діни факультеттің профессоры Эрин Уилсон қазіргі таңда тек кейбір елдердің алдынан ғана шығатык қатерлер жоқ екенін алға тартты. Геосаяси аренада мемлекеттердің барлығы ортақ қиыншылықтардан өтеді.
«Сондықтан біз діни конфессиялар арасында ғана диалогты орнатпай, диалогқа діни емес топтарды да тартуымыз керек. Менің ойымша, бұл қазіргі жағдайға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін мәселе. Бұл әрекетіміз әрбір адам өз әулеуетін толық пайдалана алатындай бейбіт тұрақты қауымдастық орнатуға бастайды», - деді Уилсон.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының доценті Юлия Шаповалдың пайымынша, мемлекеттер арасында саяси деңгейде ғана емес, дін мәселесіне қатысты да нақты үйлесім орнап, қолдау болуы керек.
«Әлеміміздің болашағы біздің жауапкершілігіміз. Сондықтан, коронавирус пандемиясына қатысты жағдай тұрақтала сала, Қазақстан конфессияаралық диалог орнатуға қатысты жұмысын қайта бастады», - деді дөңгелек үстел барысында доцент.
«Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының» төрағасы Ш.Пулатов дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі туралы хабардар етті. Ол Ассамблеяның ұлтаралық келісім мен әртүрлі этнос өкілдері арасындағы өзара қолдаудың бірегей моделі болып табылатынын атап өтті.
«Басқа мемлекеттер халықтар арасындағы достық, сыйластық пен бірлескен жұмыстың мысалы ретінде осы ұйымды негізге алса болады», - сөзін түйіндеген ол.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Есімов дөңгелек үстел қатысушыларына 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін ұйымдастырудағы дайындық жұмыстары туралы айтып, Съез қазіргі заманның ең өзекті мәселелері бойынша сындарлы диалогты қамтамасыз ететін әмбебап жаһандық дінаралық диалог алаңы болып табылатынын атап өтті.
Жалпы алғанда, дөңгелек үстел қатысушылары конфессияаралық және өркениетарылық диалогты халықаралық деңгейде дамытудың маңыздылығына тоқталып, әсіресе, пандемия салдарын жойып, бейбітшілік пен өзара түсіністік үшін этникаралық және дінаралық келісімді талап ететін аймақтық шиеленістерді шешуде бұл бағыттағы жұмыс маңызды екенін атап өтті.
Дөңгелек үстелдің жұмысына Нидерландтағы Қазақстан Елшісі, Н.Назарбаев атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталықтың басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Есімов, «Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының» төрағасы Шерзод Пулатов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті діндату кафедрасының доценті Юлия Шаповал қатысты. Нидерланд тарапынан Роттердам Ислам университетінің проректоры Эмрулла Акгюндуз, Гронинген университеті Теология және дінтану факультетінің профессоры Эрин Уилсон, Амстердам еркін университетінің дін және теология факультетінің профессоры Джессика Ройтман, Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің дін және сенім істері жөніндегі арнайы өкілі Йос Даума қатысты.