Кездесуде салық саясаты, тарифті белгілеу, мұнай-газ секторын дамыту, экология, жұмыспен қамту, импортты алмастыру мәселелері, сондай-ақ санкциялардың экономикаға әсері талқыланды.

Ә.Қуантыров атап өткендей, Үкімет туындаған мәселелерге қатысты, оның ішінде экономиканы дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылдады.

Өз кезегінде, Министрлік өңірлік саясатты жетілдіру және моно мен шағын қалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

"Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жалпы құны 1,4 трлн. теңге болатын 125 іс-шараны қарастырады. Ол 2025 жылға дейін есептелген және инвестициялық жобаларды іске асыруға, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған",-деп нақтылады ол.

Бұдан басқа, Министрлік ауылдық жерлерді кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта 2009 жылдан бастап "Дипломмен ауылға" жобасы іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты ауылдық жерлерге келген мамандарды ынталандыру және орнықтыру.

"Биыл тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 20 млрд. теңге қарастырылған. Қызылорда облысы бойынша 517 маман үшін 2,4 млрд. теңге бөлінді", - деп атап өтті министр.

Қоғамдық кеңес мүшелері әр бағыт бойынша өз пікірлерін білдірді. Ә.Қуантыров қоғамшылдардың ұсыныстары мұқият қаралатынына сендірді.

Қызылорда қаласында Министр азаматтарды жеке қабылдап, "Мағжан и К" ЖШС күріш өңдеу зауытында болды. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаттылығы 33 600 тонна.

Облыс әкімдігінде экономикалық ведомство басшысы кәсіпкерлермен кездесті. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, соның ішінде ШОБ жүктемесін азайту, салық жеңілдіктері мен қаржыландыруға қолжетімділік қаралды.

Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесіп, облыстың әлеуметтік нысандары мен кәсіпорындарын аралады.

Қосшынырау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде ашық әңгіме болды. Ақсақалдар, құрметті еңбек ардагерлері, сондай-ақ жастар ауылдарды дамыту, газдандыру және жұмысқа орналастыруға байланысты өздерін толғандыратын мәселелерді көтерді. Айтылған ұсыныстар мен проблемаларды Әлібек Қуантыров бақылауға алды.

Ақсуат ауылында министр "Қазагромир" ЖШС пайдалануға берген жылыжай кешенінде болды. Жалпы ауданы 2,2 га болатын жылыжай толығымен автоматтандырылған. Кешеннің қуаттылығы жылына 900 тоннаға дейін қызанақ пен қияр өсіруге мүмкіндік береді.

"Мұндай жобалар өңірлерде қажет, әсіресе қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі бірінші орынға шығады. Біз осындай жобаларды өз тарапымыздан қолдайтын боламыз", - деп атап өтті министр.

Өңірде "Ауыл - ел бесігі" жобасы белсенді жүзеге асырылуда. ҰЭМ басшысы Сырдария ауданының Ақжарма елді мекенінде автомобиль жолдары мен электр желілерін жөндеу бойынша жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Өткен жылы "Ауыл - Ел бесігі" бойынша облыстың 27 ауылында жолдар жөнделді, мектептерде жөндеу жүргізілді, әлеуметтік нысандар мен газ тарату желілері салынды.

"Бүгінде еліміз бойынша 6,3 мың елді мекен бар. Олардың көпшілігі даму әлеуеті бар. Тиісінше, оларды да қолдау керек. Биыл Қызылорда облысының 31 ауылында ірі жобалар жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа шамамен 8 млрд. теңге бөлінді. Біз өңірлерде "Ауыл - Ел бесігі" бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, үлгілі ауылға айналған Ақжарма тәжірибесінде байқалады", - деді министр.