Екі жаңа станция іске қосылғаннан кейін метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарып, енді 13,4 шақырымды құрайтын болады. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төртвагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған.  

Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Жаңа станциялар іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтілуде. 

«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» станциясы Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Саин көшелерінің аралығында Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар. Станцияда екі жеделсаты мен сегіз эскалатор орнатылған. Интерьер жасау кезіндегі негізгі идея – Сарыарқаның шексіз кең даласының әсемдігін көрсету. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Шеткі жағындағы қабырғада жазық даланың үстінен шығып келе жатқан күн, оның бергі жағында Қазақстан астанасы бейнесі маңында шауып келе жатқан жүйрік аттар бейнеленген панно орнатылған. 

«Бауыржан Момышұлы» станциясы Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Станцияда алты жеделсаты мен он бес эсколатор орнатылған. Платформа ұзындығы 108 м. Алматы метро желісінің он бірінші станциясы әзірге соңғы станция болып саналады.  

Станция үлкен тұрғын алабының ортасында орналасқан. Қабырғалар мен тіреуіштерді безендіру үшін ашық реңкті маржан-сұр түсті ағаш тектес керамикалық панельдер, ал еденді қаптауға – ашық сұр түсті табиғи гранит пайдаланылған.

Болашақта «Қалқаман» станциясы құрылысын аяқтап, метроны батыс бағытта «Барлық» базарына дейін дамыту жоспарланған. 

 

Алматы қаласының әкімі Е. Досаевтың сөйлеген сөзі

Құрметті Алматы метрополитенінің құрылысшылары мен қызметкерлері!

Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын! Бұл-біздің мегаполис үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Сіз жергілікті жердің күрделі тау-геологиялық және сейсмикалық жағдайларын ескере отырып, өте күрделі әрі көлемді жұмыс жасадыңыздар. Сіздердің еңбектеріңіз бен жоғары кәсібиліктеріңіздің арқасында Алматыда тағы жаңа  екі метро станциясы пайда болды.

Мен бұны біздің қаламыз бен  тұрғындарымыз үшін өте маңызды оқиға деп санаймын. Мәселе 50 мыңнан 85 мыңға дейін ұлғаятын жолаушылар легінде  ғана емес, қаланың әлдеқайда жайлы болатындығында, бәрімізді алаңдатып отырған трафиктің дұрыс шешім табатындығында.

Қалада метро желісін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. 2025 жылы "Қалқаман" станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда, метро желісін дамыту батыс бағытта "Барлық"базарына дейін ұлғаяды. Бұл аудандар тұрғындары үшін ыңғайлы жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылы Алматы метрополитені өзінің алғашқы үлкен және маңызды мерейтойын – он жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде білікті еңбек ұжымы құрылып, жас мамандар оқытылып, дайындалды. Екі станцияның іске қосылуымен қосымша 200 жұмыс орны құрылды. Алматы метрополитені біздің қаламыздың маңызды және ажырамас бөлігі, ыңғайлы және жайлы қоғамдық көлік түріне айналды.

Бүгінгі ерекше күні жеке өзімнің және қаламыздың тұрғындары атынан Сіздерге мегаполистің жолаушылар көлігін дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін және жұмыста табыс, зор денсаулық әрі бірлік пен береке  тілеймін!