Солтүстік Атлантикалық альянсқа мүше 30 мемлекеттен, қауымдасқан 30 ел мен байқаушы елдерден келген 225-тен астам парламент мүшесі халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін үш күн бойы талқылады. Батыс Балқан, Таяу Шығыс, Ауғанстан және Солтүстік Африкадағы тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Талқыланған мәселелердің қатарында терроризмге қарсы күрес, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де болды. НАТО-ның стратегиялық тұжырымдамасына шолу жасалды және Мадридте маусым айында өтетін НАТО мемлекет басшыларының саммитінде қабылданатын шешімдер де қаралды.

27 мамырда қазақстандық делегация мүшелері Литва Республикасы Сеймінің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Лайма Андрикенемен кездесті. Онда Қазақстан мен Литва арасындағы екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.