Іс-шараға FEC-дің Жапония мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық алмасуларды дамыту жөніндегі комитетінің мүшелері, жапондық компаниялардың, экономикалық құрылымдардың, сондай-ақ қоғамдық және ғылыми топтардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Сабр Есімбеков өз сөзінде Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың негізгі кезеңдері, Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті, экономика секторларын жаңғырту, іскерлік ахуалды жетілдіру және кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекет басшылығы қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Іс-шара қатысушыларына «Жаңа Қазақстанды» құру шеңберінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылу барысы, сондай-ақ Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша алдағы жалпыұлттық референдум туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.

Пікір алмасу барысында жапондық компаниялардың өкілдері ҚР Үкіметінің жаңа инвестицияларды тарту үшін жасап жатқан күш-жігеріне оң баға берді. Кездесуге қатысқан сарапшылар Қазақстанның өңірдегі жетекші рөлін және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар іс-шара қатысушылары қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.

Жапония жалпы инвестиция көлемі 7,7 млрд. доллардан асатын Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының ондығына кіреді. 2022 жылдың басынан бері екіжақты сауда ынтымақтастық, оның ішінде бірінші тоқсанда Қазақстаннан Жапонияға экспорт көлемі 3 еседен астам өсті. Сондай-ақ, сауда айналымның жалпы көлемдегі шикізаттық емес экспорт үлесінің артуы және 110 млн. доллар көлемінде валюталық түсімдердің түсуі арқылы оң сауда сальдосының қалыптасуы байқалып отыр.

Жапонияның халықаралық достық алмасу кеңесі (The International Friendship Exchange Council) 1983 жылы халықаралық алмасулармен айналысатын тәуелсіз ұйым ретінде құрылды. Кеңес құрамына мемлекеттік және жеке секторлардың өкілдері кіреді.