Осы атаулы күнге орай Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Швейцарияның Қазақстандағы Елшісі Дэвид Грихтинг екі мемлекет басшыларының атынан құттықтау хаттарымен алмасудың салтанатты рәсімін өткізді.

«Атаулы жылдар ішінде Қазақстан мен Швейцария арасында тамаша саяси диалог, сондай-ақ жемісті экономикалық байланыстар қалыптасты», - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында.

Өз кезегінде Швейцария Президенті Иньяцио Кассис «Швейцария екі ел арасындағы көпжылдық қарым-қатынастарды және бірқатар қаржы ұйымдары аясындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын» атап өтті. Ол сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларға қолдау білдірді.

Р. Василенко Швейцария Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Коронавирустық пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, тараптар негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған өсуін қамтамасыз ете алды. Атап айтқанда, 2021 жылы Швейцарияға ресми сапарлармен ҚР Президенті Қ. Тоқаев және Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді барды. Швейцария Конфедерациясының Федералдық Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы А. Эби Қазақстанға ресми сапармен келіп, парламентаралық ынтымақтастықтың дамуына елеулі серпін берді.

Өз кезегінде Д. Грихтинг екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үш онжылдығы ішінде барлық негізгі бағыттар бойынша сенім мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін, ынтымақтастықтың берік шарт-құқықтық негізі қаланғанын, екі жақты институционалдық тетіктердің тиімді жұмыс істеп жатқанын растады.

Швейцариялық дипломат екі ел арасындағы энергетика және пайдалы қазбаларды өндіру, жаңартылатын энергия көздері және жаңа технологиялар, көлік және логистика, өңдеу және құрылыс салалары, қаржы, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды құралы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясы болып табылады және келесі отырыс биылғы жылға жоспарланып отыр. Комиссияның қызметі үкіметтік деңгейде, сонымен бірге Қазақстан мен Швейцарияның іскер топтары арасында да инвестициялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған.

Швейцария 2005 жылдан бері жинақталған капитал салымдарының көлемі шамамен 30 млрд АҚШ долларын құрайтын Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының үштігіне кіреді. Өзара сауда көрсеткіштердің үлесі зор - 2021 жылдың қорытындысы бойынша ол 1,3 млрд астам АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда швейцариялық капиталдың қатысуымен 200-ден астам заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген.