«4 қаңтарда шамамен сағат 6-дан 8 аралығында азаматтар «Алматы Арена» спорт кешені жанында – батыс бөлігінде және «Халық Арена» спорт кешенінің жанында – шығыс бөлігінде жиналғаны анықталды.
Кешкі сағат 9-да екі ұйымдасқан топ адамдар бір уақытта қала әкімдігіне қарай жүре бастады. Абай, Төле би үлкен көшелермен жүріп, олар көптеген адамдарды жинады және жүру барысында арматура, таяқтар, тастармен қаруланды.
«Ватсап» және «Телеграмм» мессенджерлері арқылы топтардың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Санаулы сағат ішінде бір мессенджерге қатысушылардың саны 140-тан  5 500-ге дейін өсті. 


Нәтижесінде түн ортасында әкімдік алдындағы орталық алаңға қаланың көрсетілген жерлерінен 10 мыңға жуық адам келді.


Осы уақытта «ашулы» топ алаңда орналасқан ғимараттарды, мүліктерді, оның ішінде тұраққа қойылған автокөліктерді қиратып, өртеуді бастады.


Тәртіпсіздіктерге қатысушылар полиция қызметкерлеріне, әскерилерге шабуыл жасады, жолдың жүру бөлігін жауып тастады, көліктерді өртеп, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырды және тонаулар жасады.
Қылмыскерлер мақсатты түрде қару дүкендерін тонап, ұрланған қарулармен бейне камераларды жойған.


Барлығы Алматы қаласы бойынша 587 бейне камералары жойылған, оның 283-і Орталық жедел басқармасына тиесілі, 304-і «Сергек» кешенінің камералары.


Мұнымен қоса, оптикалық байланыс желілері бар коммутациялық шкафтар істен шығарылды», - деді спикер.