Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында аймақтандыру деңгейіне сәйкес акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық көмектің толық спектрі көрсетілетін 145 төсектік Облыстық перинаталдық орталыққа барды.

Бұл орталықта асқынған ағымы бар жүкті әйелдерді білікті басқару, жоғары қауіпті топтарды анықтау жүргізіледі, жаңа туған нәрестелерге қарқынды реанимациялық көмекті, шала туған балаларды күтуді қоса алғанда, көмектің барлық спектрі көрсетіледі. 

Орталықта 395 қызметкер, оның ішінде 53 жоғары медициналық персонал, 196 орта медициналық персонал жұмыс істейді.

Министр перзентханаға баруды перзентхананың қабылдау бөлімінен бастады, онда ол босанатын әйелдермен сөйлесіп, олардың денсаулық жағдайына, босануға дайындығына және емханалардағы акушерлік қызметтің бақылау сапасына қызығушылық танытты.

"Біз үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі ана мен баланы қорғау болып қала береді. Мемлекет басшысы жариялаған бала жылында Денсаулық сақтау министрлігі құрсақішілік кезеңнен бастап балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше бастаманы жүзеге асыруда.  Қабылданып жатқан шаралар жүкті әйелдерді босануға дейінгі сапалы бақылаумен қамтуды 80% - ға дейін арттыруға ықпал ететін болады", - деп атап өтті А.Ғиният.

Ол скринингтердің тиімділігін арттыру үшін пренаталдық скрининг жүргізу қағидалары бекітілгенін, пренаталдық УДЗ скрининг жүргізу стандарты әзірленгенін, УДЗ диагностикасының халықаралық стандарты бойынша 150 маман оқытылғанын, сондай-ақ сараптамалық кластағы 50-ден астам УДЗ аппаратын сатып алу жоспарланғанын айтты. 

Министр жергілікті атқарушы органдардың басшылығына кадр әлеуетін нығайту, мамандарды тарту үшін жағдай жасау және олардың қолайлы жұмыс істеуі мәселелеріне назар аударды.

А.Ғиният медициналық көмекті ұйымдастырудың әлсіз деңгейіне, персоналды үздік клиникалар базасында оқыту қажеттілігіне назар аудара отырып, бірқатар сын-ескертпелер айтты.

"Облыстық перинаталдық орталық босандыру саласында үлгі болуы тиіс, онда барлық үдерістер нақты жолға қойылып, ана мен бала денсаулығын қорғаудың басымдылығын ескере отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету стандарттары мүлтіксіз сақталуы қажет. Бірақ, шынымды айтсам, мен мұнда мұндай тәртіпті көріп тұрған жоқпын, біз жағдайды түзетуге қолдау көрсетуге дайынбыз, сіздердің тараптарыңыздан да шұғыл шаралар қабылдану қажет", - деп атап өтті министр перзентхана басшылығына.

Бұдан әрі министр жаңа туған нәрестелерді күту жағдайымен танысып, қарқынды терапия бөлімшесін қарап шықты, биыл онда 500-ден 900 граммға дейін өте төмен дене салмағымен 20 сәби, сондай-ақ салмағы 1500 граммға дейін 32 бала дүниеге келді.

2020 жылы - 7407 бала, оның 565-і мерзімінен бұрын (7,6%), 2021 жылы - 6976 бала, оның 536-ы мерзімінен бұрын ( 7,7 %), осы жылдың 4 айында - 1894 бала, оның 170-і мерзімінен бұрын (9%) туылды.

Орта есеппен күн сайын перинаталдық орталықтың қабырғаларында 16 бала дүниеге келеді. Осы жылдың 4 айында мұнда 1894 сәби дүниеге келді.  

Батыс Қазақстан облысында барлығы 17 босандыру ұйымдары бар. 2021 жылы өңірде бала туу саны 14 000-ды құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 4,5% - ға артық.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңір жұртшылығымен кездесу өткізді.

ҚР Президентінің тапсырмаларын іске асыру барысы туралы сөз қозғай отырып, ол "Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы бекітілгенін және биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң қабылданғанын атап өтті.

Ол қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, сақтандыру қаражаты есебінен пациенттердің денсаулығына келтірілген залалды өтеуді көздейтінін айтты.

Сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысын көтеру, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, Қазақстанда медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін халықтың, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындардың барынша ұтқырлығы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін А.Ғиният атап өтті.

Батыс Қазақстан облысында 365  медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектілері жұмыс істейді, бұл республиканың барлық  медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының 6% - ын құрайды. 

Министрдің мәліметінше, республика бойынша 2025 жылға қарай медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 500 нысанын салу жоспарланған.

Батыс Қазақстан облысында "Ауыл-ел бесігі" жобасы аясында 2025 жылға дейін 46 амбулаториялық-емханалық нысанның құрылысы мен ашылуы жоспарланған.

Ведомство басшысы БҚО тұрғындарын жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз арнайы мамандарға жүгіну қолжетімділігі туралы хабардар етті, бұл енді амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларында жазылған. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін "жасыл дәліз" енгізілген, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алып, тексеріледі.

"Мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде оқушыларды профилактикалық тексеру тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек жолы, тірек-қимыл аппараты, көру және т. б. ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік беретін жаңа стандарт енгізілетін болады, сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есеге ұлғайтылады, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығындарын азайтуға мүмкіндік береді", - деді А.Ғиният.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз ету тізбесін кеңейту және қайта қарау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

"Біздің ведомствоға жүгінулердің басым бөлігі арнайы мамандарға қол жеткізуге қатысты, дегенмен біз жыл сайын сұранысқа ие мамандықтар бойынша гранттарды көбейтудеміз. Бүгінгі күні біз 4 мың дәрігер түлекті шығарудамыз, бірақ олардың басым бөлігі жеке клиникаларға кетеді, сол кезде біз осы медициналық ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты орналастырамыз, адамдар сонда барып МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді кедергісіз ала алады", - деп Ажар Ғиният кездесуге қатысушылардың бейінді мамандарға ақылы негізде амалсыздан жүгіну туралы сұрақтарына жауап берді.

Еңбек ардагері Жұмабай Есқалиев уақытылы сапалы кардиологиялық көмек көрсеткен Орал қаласының №6 емханасының дәрігерлері мен медбикелеріне алғысын білдірді. 

Кездесуде үкіметтік емес ұйымдардың бірінің өкілі Аслан Өтепов әртүрлі сауда атаулары бар синтетикалық есірткілерді заңсыз тарату мәселесін көтерді. 

"Біз бұл мәселелерді Бас прокуратура мен ІІМ-мен көтеріп, барлық дәріханалар бойынша осы препараттарды рецептісіз беру бойынша рейдтермен шығамыз. Ертең осы мәселеге байланысты облыста дәріхана ұйымдарына баруды жоспарлап отырмыз", - деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин.

БҚО Ардагерлер ұйымы өкілдерінің бірі Ажар Ғиниятқа ведомство тарапынан ауыл тұрғындарының мұқтаждықтарына жіті назар аударғаны үшін, азаматтармен осындай қарапайым тікелей қарым-қатынас жасағаны үшін шын жүректен алғыс айтып, денсаулық сақтаудың проблемалық мәселелерін шешуге үлкен үміт білдірді. 

Кездесу соңында министр ведомствоның ашықтығын, қоғаммен ашық сындарлы диалогқа дайындығын атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының бірінші күнінің соңында брифинг барысында өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді.

ҚР ДСМ басшысы өз сөзінде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту шаралары туралы айтып берді. Ол жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетуді көздейтін амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің қабылданған қағидалары; онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін "жасыл дәлізді" енгізу; жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы хабардар етті.

А.Ғиният сондай-ақ 2025 жылға қарай ҚР - да 500 МСАК нысанының, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 46 нысанның құрылысы жоспарланғанын хабарлады.

Осылайша, министр қан айналымы жүйесі ауруларымен күрес, кадр тапшылығын еңсеру және ауылдық медицинаны дамытуды жандандыру бөлігінде шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.

"Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендер пайдаланылады. Өңірде 11 ЖМК жұмыс істейді, олар 2022 жылдың 1 тоқсанында 69 ауылға барып, 17 мыңға жуық адамды медициналық қызметтермен қамтыды. Денсаулық сақтау ұйымы желісінің мемлекеттік нормативі ауылда медициналық нысандарды ашу талаптарын жеңілдету жағына қарай қайта қаралатын болады", - деп мәлімдеді министр.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ана мен баланы қорғау бөлігінде шала туған балаларға көмек көрсету сапасын арттыру, балалардағы патологияларды ерте анықтауды қамтамасыз ету сияқты басым шешуді талап ететін бірқатар міндеттер бар.

"Батыс Қазақстан облысы бойынша 17 босандыру нысаны бар, 14 мың босану қабылданды, бұл 2020 жылға қарағанда 4,5% - ға көп. Сапалы босандыру қызметтерімен қамтамасыз ету үшін екінші деңгейдегі перзентханаларды үшінші деңгейге қайта бейіндеп, кадр ресурстарымен, жабдықтармен және медициналық техникамен жабдықтау бойынша шаралар қабылдау қажет", - деп атап өтті А.Ғиният.

Министр балалардың денсаулығын сақтау бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады. Ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік бағдарламалар, кәсіби тексерулер, стандарттар жетілдірілді, есту және аутизм патологиясын анықтау бойынша қосымша зерттеулер енгізілді.

"Өткен жылы министрлік халық денсаулығын сақтаудың барлық бағыттары бойынша елеулі жұмыс жүргізді. Белгілі жетістіктермен қатар, тез арада шешуді талап ететін міндеттер де бар. Біз еліміздің тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдерді әзірлеу бойынша барлық кәсіби және азаматтық қоғамдастықтың күш - жігерін біріктіруіміз қажет", - деді Ажар Ғиният.

Бұдан әрі ол өңірдің медициналық нысандарын аралаудың қорытындылары және жұмыстағы тәсілдерді өзгертуді талап ететін проблемалық мәселелер туралы хабарлады.

Денсаулық сақтау министрі журналистердің арнайы мамандарға қолжетімділігі мен емханаларда дәрігерлердің болуына, пациенттердің ортақ жауапкершілігіне, облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қатысты барлық сұрақтарына толық жауап берді.