2021-2022 оқу жылының қортыныдысы бойынша 95 оқушы түрлі деңгейдегі олимпиада, ғылыми жоба және шығармашылық байқаулардың жеңімпаз, жүлдегері атанды.

Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында өткен шарада аймақ басшысы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, марапаттады.

- Биылғы оқу жылы да біздің облысымыз үшін ерекше табысты жыл болды. Оқушыларымыз әлемдік деңгейдегі білім бәсекесінде жұлдызы жарқырап, халықаралық байқауда 13 оқушы, республикалық білім бәйгесінде 82 оқушы жүлдегер атанды. Ата-бабаларымыз айтқан «Біліммен мыңды жеңетін» дәуірге қадам бастық.
Облысымыздың білім сапасын жоғары деңгейде көтеру мақсатында жүзеге асырылып отырған жұмыстардың нәтижелі іске асуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Баршаңызды білім мен ғылым биігін бағындыруға жасаған қадамдарыңызға сәттілік тілей отырып, еліміздің кемел келешегі үшін білім алып, киелі Тәуелсіздігіміздің мерейін асқақтатып, ел игілігіне қызмет етуге шақырамын, деді С. Шәпкенов.

Олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздар мен олардың ата-аналарына да Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым вице-министрінің алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ, Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін жүлделі І орынды «Ең үздік олимпиадалық мектеп-2022» атағын Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернаты, ІІІ орынды «Ең үздік олимпиадалық мектеп-2022» атағын Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп- лицей-интернаты иеленді.