Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай пайдалануға берілген «Жастар үйінің» ашылу салтанатына арнайы келген құрметті қонақтар, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап қатысты.

Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, тарихи тұлғаның есімі мәңгілік ұмытылмайтынын атап өтті.

«Шығыстың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың ізбасарлары қашанда өте белсенді. Қай салада болмасын қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Біздің тарапымыздан оларға қолдау көрсету жағы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, өткен жылы Қазалы қаласында жастар ресурстық орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгін міне, Ғани атамыздың туған күні қарсаңында жастар жаңа ғимаратқа қоныс аударып жатыр. Бұл орын тегін жер емес. Қазалы қаласындағы тамыры тереңнен сыр шертетін тарихи орындардың бірі. Жақында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жастармен бірге мұнда ардагерлерге де бір кабинет бөліп отырмыз. Ақылшы ағаларымыз жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісетін болады», – деді Мұхтар Әуесұлы.

Салтанатты шарада Қызылорда қаласынан арнайы келген Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың ізін жалғаушы Алмагүл Божанова ізгі лебізін жеткізсе, еңбек ардагері Жақсыбай Орынбасаров жастарға арнап ақ батасын берді.

Мұнан соң «Жастар үйінің» лентасы салтанатты түрде қиылып, жиналғандар ғимараттың ішін аралады. Нысанның іші жарық әрі кең. Мұнда жастарға арналған орындармен қатар, ардагерлер бөлмесі де қарастырылған.

Жаңадан ашылған «Жастар үйінде» Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай «Замана Заңғары – Ғани» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелде Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Сырдария ауданын басқарып, облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарған Алмагүл Божанова, Қазалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Дана Сабырбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, 1984-1986 жылдары Қазалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Бақберген Кашимов, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов және тағы басқа азаматтар сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін айтты.

Мұнан соң, Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойылып, тарихи тұлғаның рухына тағзым жасалды.

Қазалы теміржол ауруханасында магнитті-резонанстық томография және компьютерлік томография орталығы ашылды.

Аурухананың басшысы Құбыл Ршымбетов жаңадан ашылған орталықпен таныстырып, құрылғылардың мүмкіндіктерін көрсетті.

Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.