80 жастағы Жандарбек Мәлібеков жас ұрпақа аталық ақылын айтып, өмірлік бай тәжірибесін бөлісті. Өзінің өмір жолы мен мемлекеттік рәміздердің бірі елтаңбаны жасаудағы конкурстық жұмыстың тарихы туралы айтып берді.

Атақты сәулетші мемлекеттік рәміздерге жарияланған конкурс туралы газеттен кездейсоқ білгенін айтты. Ол Елтаңбаның үлгісін жасауды әлемдік тәжірибені зерттеуден бастаған.

– Мен елтаңбалардың неге осылай көрінетінін, онда қандай жануарлар бейнеленгенін мұқият зерттедім. Бірінші элемент – бұл киіз үй, біздің ортақ үйіміз, оны қорғау қажет. Екінші – мемлекеттің даму динамикасын бейнелейтін тұлпарлар. Қошқар мүйіз бейнесіне келсек, «қошқар мүйіз» – қолданбалы өнер мен ұлттық ою-өрнектердің негізі, – деп атап өтті Жандарбек Мәлібеков.

Мемлекеттік Елтаңба авторы конкурсқа жалпы саны 240-тан астам эскиз ұсынылғанын және олардың үшеуі ғана Жоғарғы Кеңес депутаттарының талқылауына түскенін еске салды.

– Халық қалаулылары, еліміздің еңбек сіңірген адамдары алдында сөз сөйлеп, әрбір элементті негіздеуге, оның композициялық маңыздылығы мен рәмізін айқындауға тура келді. Нәтижесінде Елтаңбаның эскизі көпшілік дауыспен бекітілді. Оған 266 депутаттың 237-сі дауыс берді, – деп еске алды Жандарбек Мәлібеков.

Балалар ақсақалдың әңгімесін үлкен қызығушылықпен тыңдады. Олар белгілі суретшіге қазір немен айналысып жүргені, сәулет өнерінде оған қандай стильдер жақын екені және Қазақстанда қандай жаңа ғимараттарды жобалауды армандайтыны туралы көптеген сұрақтар қойды.

Кездесу соңында Жандарбек Мәлібеков Қазақстан Елтаңбасының бейнесіне қолтаңба қалдырды. Ал «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының тәрбиеленушілері мемлекеттік рәміздердің авторына Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған кәдесый табыс етті.