Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты.

Шараға облыстың зиялы қауым өкілдерімен бірге ҚР Қарулы күштері мен Ұлттық ұлан әскерилері, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері және мектеп оқушылары қатысты.

Әскерилер мен волонтёрлер Көк Туды ұстап, Бейбарыс алаңынан Мемлекеттік рәміздер алаңына дейін шерулеп жүріп өтті. ҚР Мемлекеттік Туы арнайы әскери қарауылмен тутұғырға көтеріліп, ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

- Мемлекеттік рәміздер – сонау ықылым замандардан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Әрі егемендігімізді айқындайтын, ел ертеңіне деген берік сенімді ұялататын еліміздің қасиетті нышандары. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін паш ететін, ортақ мақсатқа топтастырып, біріктіруші күшке ие - мемлекеттік рəміздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлей білейік! Көк туымыз биік желбіреп, Əнұранымыз асқақтай берсін! Ел Рәміздерінің 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын, деді С. Шәпкенов.

Салтанатты шара патриоттық әндер орындалған мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, Қазақстанның ең биік Тутұғырларының бірі Атырау қаласында орналасқан. Оның биіктігі - 91 метр.

Өз алдына Павлодарда «Ertis Promenade» маусымының ашылуы еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 30-жылдығына арналды. Ertis Promenade маусымы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңындағы мерекелік концертпен басталды. Ertis Promenade сахнасында павлодарлық және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтарын танымал жерлестері мен қоғам қайраткерлері құттықтады.

Мыңдаған павлодарлықтар Орталық жағалауда жиналды. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та болған осы кешке жиналған көрермендердің алдында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері де ән салды. Жастардың арасында танымал жүргізушілер Әйгерім Жантөрина мен Ғалымжан Кеңшілік көрермендердің көңілін аулап, қуаныш сыйлады. Қала тұрғындары «Көк тудың желбірегені» әнін орындаған Ибрагим Ескендірді ду қол шапалақпен қарсы алды.

Көрермендерді Мемлекеттік рәміздердің 30-жылдығымен облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Амантай, химия-механикалық колледжінің студенті Владислав Губарев пен шаңғы жарысынан спорт шебері, Олимпиада ойындарының қатысушысы Ирина Быкова құттықтады. Олар жерлестеріне бейбітшілік, бақыт пен береке тілеп, барлығын алдағы референдумде оң өзгерістер үшін дауыс беруге шақырды.

Концерттік бағдарламаның басты қонақтары рэпер Kalifarniya мен танымал әнші Қайрат Нұртас болды. Эстрада жұлдыздары өздерінің белгілі әндері мен жаңа композицияларын орындады. "Еrtis Promenade"-ың алғашқы концерттік кешін Ибрагим Ескендир «Біз біргеміз» әнімен түйіндеді.

Бұған қоса, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов барша отандастар мен жерлестерін Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

“Біздің Ту, Елтаңба мен Әнұран – Тәуелсіз Қазақстанның бейнесі. Өзінің әсемдігі мен терең мағынасының арқасында мемлекеттік рәміздер бірлігіміз бен ынтымағымыздың символына айналды.

Елтаңбада бейнеленген шаңырақ Отанға деген сүйіспеншіліктің, көк байрақтың бетінде қалықтаған қыран құс - еркіндіктің нышанына айналды. Біздің Туымызды әлем елдерінде өтетін додаларда жеңіске жеткен спортшыларымыз бен әртістеріміз, басқа да өнер саласының майталмандары көтеріп шығады. Жеңіс тұғырында желбіреген жалауымызды көргенде бәріміз Отанымыздың мерейінің үстем болғанына қуанып, Әнұранды қосыла шырқаймыз.

Бізді өзара сыйластық, отансүйгіштік пен азаттық біріктіреді. Осы құндылықтардың бәрі мемлекеттік рәміздерімізде көрініс тауып отыр.

Мереке құтты болсын!”