Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сенім мен өзара түсіністік рухында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Күн тәртібіндегі жаһандық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды. Сауд тарапына елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық саясат туралы ақпарат берілді.

Тараптар сауда және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты белсенді түрде арттыруға өзара қызығушылық білдірді. 2021 жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысының және қазақстандық-сауд инвестициялық форумының қорытындылары оң тұрғыда атап өтілді. Өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, көлік-логистика және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылға, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Сауд Арабиясының БҰҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша өзара іс-қимылы, оның ішінде екі елдің түрлі халықаралық құрылымдардағы бастамаларына өзара қолдау көрсету қарастырылды.

Қазақстанға сапар аясында Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қабылдауында болды.