Оның айтуынша, Индер және Махамбет ауданы мен қала сыртындағы егін алқаптарында құрт көбелектер егін аймақтарына зиян келтіру жағдайы орын алуда.

– «Құрт көбелектердің қаптап түсуі 30 жылдан кейін қайталанып отыр. Қазір Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеме мен мамандар шақырылды. Жұмыс басталды. Қанша гектар жерге жайылып кеткені белгісіз, ол анықталуда. Біздің қазір бірінші мақсатымыз - егіншілердің егінін, одан кейін жайылымдарды қорғау. Жалпы құрт көбелектер 2020 жылға дейін өңделетін зиянкес жәндіктердің тізбесінде болды. Сол жылы оны тізбеден алып тастады. Биылдан бастап қайта қосу қарастырылып жатыр. Егер қолданысқа енгізілетін болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылады», деді Қ. Нұрлыбаев.

Өңірде 300-ден аса егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылық бар, оның 100-ге жуығы құрт көбелектен зардап шегуде. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, қалыптасқан жағдайдың алдын алу және оның зардаптарын жою жөнінде аудандарда жедел қызмет ұйымдастырылды.

– «Орал қаласынан келген, у шашумен айналысатын 2 көлік күніне шамамен 1000 гектардан аса жерді қамти алатын техника. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен шамамен 8-10 млн теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда. Егер улайтын аумақтың көлемі артса, қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылады», - деді ол.

Өз алдына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы шаруалардың жерлеріне құрт көбелектердің қаптап түсіп, егін аймақтарына зиян келтіру жағдайына қатысты нақты тапсырма берді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

- Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы шаруалардың жерлеріне құрт көбелектердің қаптап түсіп, егін аймақтарына зиян келтіру жағдайы орын алуда. Осыған байланысты салаға жауапты орынбасарыма нақты тапсырма бердім. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша аудандарда жедел жұмыстарды ұйымдастырып, улау жұмыстарын жүргізетін мекеме мен арнайы мамандар шақыру қажет. Олар тез арада жұмысқа кірісуі тиіс,- деді облыс әкімі.

Сонымен қатар жауапты басшылардың шаруаларды ұйымдастыру жұмыстары туралы ақпаратпен қамтамасыз етуін, бұл мәселе жеке бақылауында болатынын жазды.