Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылы ішінде Қазақстан мен Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне қол жеткізгенін қанағаттанарлықпен атап өтті.

М.Тілеуберді өзара сауданы ынталандыру, транзит-көліктік және логистикалық салалардағы кооперацияны нығайту, адам алмасу мен жолаушылар әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігерді қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Сұхбаттасын елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.

Қытай дипломаты Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының дамуына жоғары баға берді, сондай-ақ қазіргі күрделі геосаяси өзгерістер жағдайында «Орталық Азия – Қытай» форматында кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады. Өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.

ҚХР Мемлекеттік кеңес мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Идің сапары Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін берді.

Сапар аясында ҚХР СІМ басшысын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.