Семейде бүгін жаңадан құрылған Абай облыстық мәслихатының алғашқы отырысы өтті.

Жиында облыс мәслихатының тұрақты комиссиясы, комиссия мүшелері сайланды. Сондай-ақ облыстық мәслихат аппараты мемелекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттары, регламентін бекіту сынды мәселелер қаралды. Мәслихаттың хатшысы болып Қуаныш Сүлейменов сайланды. Енді жақын күндері жаңа тәртіп бойынша өңір депутаттары Абай облысының әкіміне кемінде екі кандидатура ұсынады.

Қуаныш Сүлейменов  Абай облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Жарма ауданының атын шығарған «Шалабай»  ЖШС бас директоры болған Қуаныш Серқазыұлы Шар қаласының тумасы. 1973 жылы дүниеге келген. Алғашқы мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болғанымен, кейін өмір жолы басқа арнаға бұрылып, Шәкәрім атындағы Семей университетін «Мал шаруашылығының өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі. Кейінгі жылы Жарма өңірінде мал тұқымын асылдандыру, қазақтың ақ бас сиырын көбейту бағытында Шығыс өңірдегі фермерлердің алдыңғы қатарынан көрініп, ауылшаруашылығы саласындағы ізденістерімен танылып жүргенін билік те мойындайды, халық та жақсы біледі.

Еске салайық, 8 маусымда Қазақстан Президентінің үш жаңа облысты: Абай, Ұлытау және Жетісуды құру туралы жарлығы күшіне енген болатын. Семей қаласы ресми түрде Абай облысының орталығы болды.

Мамандардың айтуынша, 7 жылда Абай облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 есеге өскен. Бір жарым миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды.

Ал жаңа өңір Семейді дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру аясында дайын жобаларды өмірге әкелу міндеті тұр. Семейліктер бұл оқиғаны 20 жылдан астам күтті. Енді, міне, бүгінде облыс ресми түрде дербес әкімшілік бірлікке айналды. Құрылған Абай аймағының берік экономикалық негізін Шығыс Қазақстан облысының билігі дайындады. 7 жылда қалалар мен аудандарда өнеркәсіп өнімінің көлемі бес есеге артты.

Ал Семейде осы уақыт ішінде бір жарым миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Енді жаңа өңірде Кәсіпкерлікті қолдау картасының үшінші бесжылдығы аясында инвестиция көлемі бір триллион теңгеден асатын 25 жобаны жүзеге асырып, жеті мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.