Саяси консультациялардың күн тәртібі Қазақстан-Латвия қатынастары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелерінің кең ауқымын қамтыды.

Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін достық және сындарлы атмосферада егжей-тегжейлі талқылап, халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Экономикалық байланыстарды нығайту мен кеңейтудің маңыздылығына назар аудара отырып, тараптар өзара тауар айналымын, жүк тасымалы мен транзитті арттыру үшін айтарлықтай әлеует пен бәсекелестік артықшылықтардың бар екенін атап өтті. Осыған байланысты делегация басшылары Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссия, Көлік жөніндегі жұмыс тобы, сондай-ақ екі елдің салалық бірлестіктері мен іскерлік топтары шеңберінде байланыстарды ұлғайту мен жандандыруды қолдады. Қазақстанда 100-ден астам латвиялық компания өз қызметін жүзеге асырады, ал Латвияда 100-ден астам қазақстандық компания бар.

2022 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы тауар айналымы 17 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 23%-ға ұлғайды.

Келіссөздер барысында Нұр-Сұлтан мен Рига арасындағы халықаралық аренадағы өзара іс-қимылға, әсіресе, екі елдің БҰҰ мен ЕҚЫҰ, сондай-ақ басқа да беделді ұйымдар шеңберіндегі сыртқы саяси бастамаларын қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстанның Еуропалық одақпен өзара іс-қимыл желісі бойынша ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Орталық Азиядағы шекараны басқару бағдарламасын (BOMCA) іске асыруда жетекші орган ретінде Латвия Шекара қызметінің үлкен және тиімді жұмысы атап өтілді.
ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру туралы мәселесіне назар аударылып, тараптар оның толық іске асырудың маңыздылығын, оның ішінде азаматтардың ұтқырлығы мен қазақстандықтар үшін визалық режимді сақтауға қатысты бөлігін атап өтті.

Р.Василенко мен А. Вильямсон елдер арасындағы бүгінгі таңда 20-дан астам құжаттары бар шарттық-құқықтық базаны дамыту одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Әуе қатынасы, ақпараттық технологиялар және басқа да салаларда бірқатар құжаттарға қол қою күтілуде.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды тұрақты негізде жалғастыруға, сондай-ақ дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай (1992 жылғы 10 желтоқсан) арналған іс-шаралар шеңберінде түрлі деңгейдегі байланыстарды жандандыруға өзара мүдделілікті растады.

Латвия делегациясының Нұр-Сұлтан қаласына сапар бағдарламасы барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және «ЭКСПО» ҰК АҚ басшылығымен жекелеген кездесулер өткізу де қарастырылған.