Аймақ басшысы «Kazakh Invest» басшысына Сыр елінде жаңа жылу электр орталығын салу, шыны зауыты жанынан 8 ілеспе өндіріс ашу, «Арал Сода» кальцийленген сода зауыты мен «Шалқия» тау-кен комбинатын іске қосу секілді ірі инвестициялық жобаларды таныстырды.

- Қазіргі таңда осы өндірістер бойынша инвесторларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жылу электр орталығының құрылысын салуға Түркия мен Қытай елдерінің инвесторлары қызығушылық білдіруде. Биыл конкурс өткізіліп, құрылыс-монтаждық жұмыстар басталған жағдайда 1,5 жыл ішінде жаңа жылу орталығы пайдалануға беріледі,-деді облыс әкімі.

Кездесу барысында Сыр елінде жалпы құны 660 млрд. теңгені құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру ұсынылды. Облыс әкімі аймақта мұнай қоры сарқылуына байланысты жаңа өндірістерді ашып, оның арқасында көптеген жұмыс орындарын құру және салық базасын ұлғайту қажеттігін алға тартты.

Өз кезегінде, Мейіржан Юсупов бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдіріп, Қызылордаға іссапары аясында ұсынылған жобалармен жіті танысып, оны іске асыру мүмкіндігін мұқият қарайтынын жеткізді.

Еске салсақ, жуырда өңірге жұмыс сапармен Энергетика министрі Болат Ақшолақов пен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келіп, Сыр елінің өзекті мәселелерін талқылаған болатын.