Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов айтып берді.
«Қан компоненттері көбінесе акушерлік тәжірибеде, онкогематологияда, хирургияда, травматологияда қолданылады. Қан алу және құю процесі өте ауыр жұмыс. Оған қан орталықтарында 300-ге жуық дәрігер мен шамамен 700 медбике, стационарларында 500 дәрігер тартылады. Тиімді қан қызметі мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін емес. Мемлекеттің қолдауымен 2008 жылдан бастап елімізде 10 жаңа заманауи қан орталығы салынды. Олар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, вирустық инактивация және карантиндеу технологиялары енгізілді», - деді спикер.
Айта кетейік, 2005 жылдан бастап жыл сайын 14 маусымда әлемнің барлық елдері Дүниежүзілік Донор күнін атап өтеді. Бұл мерекенің басты мақсаты – медициналық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ету мәселесіне қоғам назарын аудару, сондай-ақ қан донорларын құттықтау.
Донорлық қан – адамдарға қан құю, операциядан кейін, хирургия, акушерлік салада стратегиялық ресурс болып табылады.