А.Ғиният медициналық ЖОО-ның бұрынғы ректоры Талғат Сейітжанұлы Нұрғожиннің еңбегін атап өтіп, басшы лауазымында атқарған үлкен жұмысы, кәсібилігі, құзыреттілігі және міндеттерді орындау кезіндегі жауапкершілігі үшін алғысын білдірді.

"Сізге жаңа кәсіби жетістіктерді тілей отырып, жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үміттенеміз", - деді министр.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша "С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті" КЕАҚ ректоры - Басқарма Төрағасы лауазымына 2022 жылғы 13 маусымнан бастап Марат Едігеұлы Шоранов тағайындалды.

"Сіздің тәжірибеңізді, кәсібилігіңізді, құзыреттілігіңізді ескере отырып, университеттің одан әрі дамуына серпін беретін алға қойылған міндеттерді қарастырып, сізге табыс пен жемісті жұмыс тілейміз", - деп Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жаңадан тағайындалған ректорға тілегін білдірді.

"Сонымен қатар, Есеп комитеті жүргізген университеттің бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу қорытындысы бойынша қаржы-шаруашылық қызметі, атап айтқанда, директорлар кеңесінің жұмысы, жер учаскелерін ресімдеу, халықаралық қаржылық есептілік стандартының, "Бухгалтерлік есеп туралы " Заңның және штат санының талаптарын бұзу бойынша бірқатар мәселелер атап өтілді. Марат Едігеұлы, осы мәселелерді зерделеуді және оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдауды сұраймын", - деп ЖОО басшысы лауазымына ұсыну барысында Денсаулық сақтау министрі түйіндеді.

Қазіргі уақытта медициналық ЖОО-да 14 мыңнан астам адам, оның ішінде әлемнің 22 елінен келген шетелдік студенттер білім алуда.

Университет қазақстандық медицинаны дамытудың локомотиві, медицина кадрларының жетекші ұстаханасы бола отырып, Қазақстан рейтингтерінде жоғары орындарға ие, 2021 жылы университет өз тарихында алғаш рет әлемдік университеттердің элиталық рейтингісіне (QS World University Ranking (601-650) кірді. Орал мен Жамбылда қуатты клиникалық базасы, жатақханалар желісі, кафедралар мен филиалдары бар.

Марат Шоранов бұған дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.