Бағдат Мусин Қазақстанның IT саласындағы кадр тапшылығы мәселесі қалай шешілетіні туралы айтып берді.
«Цифрлық трансформацияны жүргізу үшін жоғары білікті IT-мамандардың болуы маңызды. Қазақстанда жыл сайын жеке ІТ-мектептерде білім алу үшін IT-ваучерлер бөлінетін болады. Бұл – IT-мамандығын игеруге немесе осы мамандыққа ауысуға ниет білдірген кісілер үшін жақсы мүмкіндік. Біздің болжам бойынша 2025 жылы 20 000 ваучер шығарылады. Осы орайда үнді компанияларын білім жобаларына қатысуға шақырамын», - деп атап өтті Цифрлық даму министрі.
Бұдан басқа, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі елімізде проактивті қызмет көрсету бағытына баса назар аударылып отырғанын, «цифрлық құжаттар» сервисі іске қосылғанын, электрондық цифрлық қолтаңбаны алу қашықтық форматқа ауыстырылғанын атап өтті.
«Біздің министрлік Үндістанмен АКТ, электрондық басқару, ақылды қала, ІТ-мамандардың біліктілігін арттыру, телекоммуникация, киберқауіпсіздік, ғарыш саласында серіктестік және тиісті агенттіктер, технопарктер, венчурлық қорлар мен кәсіпорындар арасында әріптестік орнатуға ниет білдіріп отыр»- деп өз сөзін қорытындылады Бағдат Мусин..
Шетелдік делегация аталған салаларда ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.
Осы жылдың жазында қазақстандық делегация тәжірибе алмасу мақсатында Үндістанға іс-сапармен баруға келісті.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 27 қаңтарда Үндістан-Орталық Азия бірінші саммиті кезінде Үндістан Премьер-Министрі Шри Нарендра Моди мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев озық тәжірибе, білім алмасу, сондай-ақ ақпараттық коммуникациялық технологиялар, инновациялар мен стартаптарды коммерцияландыру саласында ынтымақтастықты жолға қою арқылы цифрландыру және электрондық басқару салалары бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін талқылаған болатын.