Сапар аясында қазақстандық дипломат Еуропа парламентінің мүшесі, Еуропарламенттегі ірі саяси топ – Еуропалық халық партиясы төрағасының орынбасары Фрэнсис Фицджеральдпен, Ирландия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Джо Хаккеттпен, Ирландия СІМ Саяси директоры Соня Хайлэндпен және Ирландияның сыртқы саяси ведомствосының басқа да өкілдерімен кездесулер өткізді.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын, парламенттік күн тәртібін және Жаңа Қазақстанның саяси трансформациясын талқылау болды. Ирландиялық серіктестермен кездесу барысында Е. Ыдырысов Қазақстанда конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау мәселесі бойынша өткізілген референдумның қорытындылары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол республикамыздың қабылданған халықаралық міндеттемелерге бейілділігін, қазақстандық қоғамның орнықты дамуын, тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған саяси және экономикалық бағыттың серпінін атап өтті. Кездесулер барысында Қазақстан мен Ирландия арасындағы шарт-құқықтық базасын кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды. Оның ішінде бизнес саласындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге және инвестицияларды өзара қорғауға бағытталған жаңа келісімдер жасасу талқыланды.

Ирландияның сыртқы саяси ведомствосының өкілдерімен келіссөздер барысында Е. Ыдырысов тікелей өңіраралық ынтымақтастықты, оның ішінде сауда-өнеркәсіп палаталар мен бизнес-қауымдастықтар деңгейінде дамыту, сондай-ақ цифрлық технологиялар, IT-стартаптар, агроғылым, геномика саласында өзара іс-қимыл жасау және өнімдерді сыртқы нарықтарға экспорттау әлеуетін ескере отырып, Қазақстан аумағында бірлескен жоғары технологиялық кәсіпорындар құру жөніндегі бастамаларды ұсынды.

Ирландия СІМ-нің таратпау және қарусыздану секторының өкілдерімен кездесуде Қазақстанның осы бағытта қабылдап жатқан шаралары егжей-тегжейлі баяндалды. Осыған байланысты Ирландия тарапына Дублинде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орайластырылған бірлескен іс-шара өткізу ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ирландия арасындағы өзара іс-қимыл салаларын одан әрі кеңейту мақсатында жемісті диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.