«Екінші, әділдік принципі. Заңның баршаға ортақ болуын, заңның басымдығын қамтамасыз етуіміз керек. Әлеуметтік әділетсіздік болмауы керек, әлеуметтік әділеттілік принципін сақтауымыз керек», - деді облыс әкімі.
Сол сияқты табиғаты көркем, суы мол өңірде ауыл шаруашылығы, өңдеу өндірісі, туризм салаларын дамытуға, аймаққа жаңа инвесторлар тартуға басымдық беру керек деп топшылайтынын айтты.
Сонымен бірге ол Жетісу облысы әкімдігінің уақытша орналасу орны туралы алыпқашпа сөздерге нүкте қойды.
- Жаңа Жетісу облысы әкімдігінің Салтанат сарайында орналасуын қаламадым. Салтанат сарайы - бұл халыққа қажетті нысан, жастар неке қиятын орын. Ол жұмыс істеуі керек, халыққа қызмет етуі керек. Жастардың жолына бөгет болуға біздің қақымыз жоқ. Сондықтан біз Талдықорған қалалық әкімдігі ғимаратына уақытша орналастық. Облыс әкімдігінің өртенген ғимараты қалпына келтірілгеннен кейін біз күзге қарай сол орнымызға көшеміз деп ойлаймын, - деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.